Алғаш болып облыс әкіміне өз базынасын қала тұрғыны Марат Нұрқанов жеткізді. Азамат 2014 жылы орман шаруашылығы кентінен 10 сотық жер сатып алыпты. 2015-те баспананың іргетасын қалап, 2 жыл бұрын қоныс тойын тойлаған. Алайда, дәл осы үйіне апарар жол жоқ. Салдарынан басқа да коммуникацияны тартуға мүмкіндік болмай отыр. Сөйтсек, кедергіні «Village sk» серіктестігі келтіруде екен.
Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– 2014 жылы «Village sk» кезінде жерді сатып алған. Олар сатып алып, жерді бөлген. Жерді бөлгенде 2014 жылы бекітілген «План застройки» құжатына қарамай, бөлген. Осылайша жолды да өздерінің аумағына қосып алыпты.
Қалалық әкімдікпен бұл мәселе 2020 жылдан бері қарастырылуда. Учаскелерді қайтару үшін жергілікті билік сотқа да жүгініпті. Бұл ретте серіктестік өз кінәларын мойындамайды. Себебі, компания 2016 жылы сәулет бөлімімен шығарылған қарарға сүйеніп, жерді иемденіп алған. Алайда, бұл құжат қалалық әкімдікпен бекітілмепті. Яғни, заң тілімен айтқанда еш күші жоқ.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұны бүлдіріп жатқан адамдарды табу керек. Қалалық әкімдік немесе басқарма болса, сол азаматтар жағдайды дұрыстау керек. Масқара емес пе?! Жоспар бойынша жол салынуы керек еді. Жолдың аумағына бәрін салып тастаған.
Жабылған қазан жабулы күйінде қалмайды. Аймақ басшысы проблеманы тез арада біржақты етіп, жауапты тұлғаларды табуды жүктеді. Келесі болып Құмар Ақсақаловқа өз мәселесін петропавлдық Анна Белова жеткізді. Нәзікжанды жетімдер санатына жататын жиені мемлекеттен берілетін пәтерден құр қала ма деп алаңдаулы.
Анна Белова, қала тұрғыны:
– 2019 жылдың 1 қаңтарында кезекте ол 207-ші болып тұрды. Тура бір жылдан кейін кезек жылжып, ол 196-шы болды. 2021-дің шілдесінде жиенім 128-ші орынға тұрақтады. Ал екі аптадан соң, жиенімнің кезегі қайтадан кейінге жылжып, 149-шы болып қалды.
Бұл ретте қала әкімі Болат Жұмабеков уайымдаудың қажеті жоқ дейді.
Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Сенная көшесі бойындағы екі үйді тапсырып, жетімдер санатындағы 65 адам баспаналы болды. Бірақ, оларды базадан шығарып үлгермеді. Қазір тізімді әкімдік емес, министрліктегі орталық орган жүргізеді. Сондықтан, бізге аталған азаматтардың есімдерін қайтадан базаға енгізіп, қайта шығаруға тура келді. Наурыздың 15-20-ы аралығында бәрі орнына келеді.
Құмар Ақсақалов алдағы уақытта мұндай түсініспеушілікке жол бермеу қажеттігін айтты. База ақаусыз жұмыс істеуі тиіс.
Эльмира Садвокасова