Аптадағы маңызды жаңалықтар

«AMANAT» партиясы СҚОФ партия активінің бірінші жиыны өтті

Іс-шараға филиал төрағасы Құмар Ақсақалов пен жергілікті депутаттар қатысуда. Жиын барысында партия өкілдері өткен жылы атқарған шаруаларын қорытындылап, алдағы жоспарларын баян етті. Аймақ басшысының айтуынша, былтыр облысымызда сайлауалды бағдарламада айтылған бастамалардың 88 пайызы ғана орындалыпты. Яғни, 1021 іс-шараның 894-і ғана жүзеге асырылған. Құмар Ақсақалов мұны партия мүшелерінің немқұрайлылығымен байланыстырып отыр.

Құмар Ақсақалов, «AMANAT» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Сараптама көрсеткендей, былтыр жоспарланған шаруалардың барлығы толыққанды орындалмады. Шаруаны қадағалау мен оны атқару – біздің депутаттар мен атқарушы орган өкілдерінің міндеті. Сол себепті, партияның саясы кеңесі бюросының отырысында осы сұрақты талқылап, халық қалаулыларының жұмысын бір шолып шығу керек. Депутаттықты жай ғана жоғары лауазым мен өкілеттік деп ойлайтын адамдарға партияда орын жоқ. Жұмыс істеу керек.

«Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы Біржан Жалғасбаев аманатқа қиянат жасамай, адал қызмет ету әр депутаттың міндеті дейді. Әр халық қалаулысы қай сала болмасын, сол бағытта аянбай еңбек етіп, елдің жан-жақты дамуына елеулі үлес қосуы қажет.

Біржан Жалғасбаев, «AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Аманат – мағынасы терең, киелі де асыл ұғым. Қазақ тілінің түсіндерме сөздігінде «Орындауға тапсырылған міндет, өсиет» делінген. Ендеше, біздер үшін еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігімізді, тіліміз бен ділімізді, салт-дәстүрімізді сақтау – аманат! Аманаттың жүгі ауыр.

Сонымен қатар, шара барысында партия өкілдерінің тарапынан қолға алынған жаңа бастамалар туралы айтылды. Бүгінде халықпен тығыз байланыс орнату және атқамінерлердің жұмысы жайлы жедел ақпарат алмасу өте маңызды. Бұл партияның жұмысын жеделдетуге септеседі. Осы орайда қазіргі күні еліміздің бас саяси ұйымы тарапынан мобильдік қосымша әзірленіп жатыр екен. Онда тұрғындар алдағы уақытта өз пікірлерін қалдарып, түрлы сауалнамаларға онлайн түрде қатыса алады.

Бердимурат Баймухан