МТРА жаңалықтары

Жанар-жағармай бекеттерінің иелері банкротқа ұшырауы мүмкін

Қаңтардың 6-сы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жанар-жағармай бағасын көтеруге мараторий жарияланды. Сол күннен бері Қазақстан бойынша АИ-92-нің литрі 182 теңгеден саудалануда. Жаңалық отандастарымызды қуантпай қоймады. Алайда, медальдің екінші жағы бар екенін де ұмытпаған жөн. Бензиннің бекітілген бағасы темір тұлпар иелерінің ақшасын үнемдесе, жанар-жағармай бекеттерінің иелерін көл-көсір шығынға батыруда. Проблема шешілмесе, кәсіпкерлер жұмыстарын тоқтатпақ ниетте дейді «Эталон Регион» серіктестігінің директоры Мәден Жұмағұлов. Себебі, бүгіннің өзінде бірқатар компания банкроттықтың аз-ақ алдында тұр.

Мәден Жұмагұлов, «Эталон Регион» ЖШС директоры:

– Қаңтар айында біздің компаниямыз 70-80 млн теңге көлемінде шығындалды. Ақпан айында да көрсеткіш осы төңіректе болмақ. Яғни, жарты жылға шыдас бермейміз. Біз үшін 180 күн банкротқа ұшыраумен тең. Тым болмағанда СҚ-ға квота бөлсе екен. Бір айға АИ-92-нің 6-7 мың литрі жеткілікті. Бүгінде жағдай мынадай. Мұнай өңдеу зауыттары орналасқан Атырау, Шымкент пен Павлодар қалаларында АИ-92-нің литрі 182 теңгеден сатылуда. Дәл осы шаһарлардан мыңдаған шақырым жерде орналасқан Петропавлда да бензин құны – 182 теңге.

Яғни, АИ-92-нің логистикасы мүлдем есепке алынбаған. Іскер жандар Петропавлға мұнай өңдеу зауыттарынан бензин жеткізгенде әр тоннасы үшін 27 мың төлейді екен. Бүгінде бұл қаражат бизнесмендердің өз қалталарынан шығып жатыр. Проблеманы жанар-жағармай бекеттерінің иелері кәсіпкерлер палатасында өткен жиында көтерді. Мәселеден облыстық әкімдік хабардар.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл сұрақ Энергетика министрлігіне жолданды. Қазір мамандар мәселені мұқият зерттеп жатыр. Өз тарапымнан кәсіпкерлерден тұратын жұмыс тобын құруды ұсынамын. Біз логистикаға жұмсалатын барлық қаражатты есептейік.

Бензин бағасын реттеу бойынша жұмыс тобына кез келген бизнесмен кіре алады. Ол үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына жүгіну қажет.

Эльмира Садвокасова