МТРА жаңалықтары

Телефонға белгісіз қосымша орнатып, 5 млн теңгесінен айырылды

Телефонға белгісіз қосымша орнатып, 5 млн теңгесінен айырылды. Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғыны алаяқтардың құрған қақпанына түсіп қалды. Нәзікжандыға біреу хабарласып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Кейін әдеттегі схемасына көшкен. Яғни, “сіздің атыңызға белгісіз біреу кредит рәсімдеуде” деп алдапты. Оның алдын алу үшін смартфонға AnyDesk бағдарламасын жүктеуге кеңес берген. Әбігерге салынған келіншек алаяқтың әр айтқанын бұлжытпай орындап, қосымша арқылы қашықтықтан 5 млн теңгенің несиесін де алыпты. Бірақ, қомақты қаражат картадан бірден жоғалған. Сонда ғана қала тұрғыны алаяқтың құрығына ілінгенін түсініп, полицейлерге хабар берген. Бұл ретте тәртіп сақшылары “банк қызметкерлері” деп хабарласқан жандарға сенбеу қажеттігін ескертеді. Тұтқаны қойып, бірден аты аталған қаржы ұйымына хабарласу қажет.