МТРА жаңалықтары

Полицейлер әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Бұл – полицейлердің аналарына арнаған бейнебаяны. Қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары күн-түн демей жұмыста. Ал мереке күндері тіптен олар күшейтілген режимде еңбек етеді. Сондықтан отбасы мүшелерін құттықтауға уақыттары да болмай жатады. Сол себепті өздерінің ізгі тілектерін осындай әдемі видео арқылы жолдаған. Әсерлі бейнебаянды тамашалаған соң залда отырған нәзікжандылар өңірдің бас полицейінің құттықтауын қабыл алды.

Айдын Қабдолдинов, СҚО ПД бастығы:

– Шуақты көктемнің мерекесі әйелге тән жылулық пен әдеміліктің белгісі іспеттес. “Отан – отбасыдан басталады” деген ұғымға сәйкес, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Әйел тек отбасының бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол – барлық жұмыстарға белсене араластын қоғам мүшесі.

Мереке күні бірқатар шен таққан нәзік жанды түрлі марапатқа ие болды. Солардың қатарында облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасының инспекторы Гүлнұр Оразова да бар. Ол «Ұлттық Ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапаталды.

Гүлнұр Оразова, СҚО ПД кадр саясаты басқармасының инспекторы:

– Ішкі істер органдарында 2013 жылдан бастап еңбек етіп жатырмын. Жалпы, полицияда істеу бала күнгі арманым болды. Қазір кадр бөліміндемін. Құжаттармен жұмыс істеймін. Жас полицейлерді жұмысқа қабылдаймыз. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы жұмысыма стимул береді. Қуаныштымын.

Залда отырған бұрымдылардың арасында шен тағып, парадтық киім кигендерді де, бұрындары осы салада еңбек еткен ардагерлерді де көруге болады. Олардың бірқатары да жиын барасында құрмет-қошеметке бөленді. Тағы қызметте жүріп қаза тапқан үш полицейдің жақындарына да бағалы сыйлықтар табысталды. Салтанатты шара соңы концертке ұласты.

Магжан Ахмадина