8 Наурыз

Өмірінің 30 жылын энергетика саласына арнаған нәзікжанды


Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Міне, мына есіктің ар жағында біздің кейіпкеріміз еңбек етеді. Қазір өзімен жеке танысатын боламыз. Жанель, кеттік пе? – Кеттік.

Лидия Гурьянова есіктің алдынан қарсы алды. Жыл жүзді, кең пейілді жанның қолында темір бұйым бар. Көзімізге бірден түскен дүниені сұрай келе, оның 12 сағат бойы қасынан табылатын жұмыс құралы екенін ұғындық. Аз-кем тілдесуден кейін азаматшаның соңынан ердік.

Қазандық цехында ат шаптыруға болады. Іші тастай қараңғы, шаң-тозаң, құлақтың етін жейтін шу. Бұл жерде емін-еркін жүруге, тіпті, жаныңдағы адаммен сөйлесуге мүмкіндік жоқ. Жан-жағымызға таңырқап, кей сәтте жабырқап ақыры кейіпкеріміздің алғашқы жұмыс орнына жеттік. Маман іске кірісті. Ол әлгі темір бұйыммен құбыр бойындағы шұраны бұрауда.

Маман шұраны бұрау арқылы құбыр бойына фосфат жіберуде. Аталған дүние желіні қалдықтардан арылтады. Қазандық цехында температура да жоғары. Біз нәзікжандының жұмысына жай қарап тұрып терледік. Міне, осындай қолайсыз ортада азаматша таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін еңбек етеді. Тек түскі үзілісте ғана бір сәт тізе бүгіп, демалады екен.

Лидия Гурьянова, Петропавл 2-ЖЭО қазандық жабдықтары жөніндегі қараушы-машинисі:

– Мен бұл жерде 92-ші жылдан бері еңбек етемін. Жарты ғұмырымды осында өткіздім десем болады. Жасыратыны жоқ, жұмысымыз қауіпті әрі өте ауыр. Таңнан кешке дейін бел жазбай тер төгеміз. Бірақ, менің жаным дәл осы қазандық цехында жай табады. Халықты жылу және жарықпен қамтуға үлес қосқаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

Лидия Гурьянова төменде ғана емес, нысанның ұшар басында да тер төгеді. Ол төбеге темір сатымен мінеді. 60-қа аяқ басқан азаматша қазандықтарға бір ауысымда бірнеше мәрте көтеріледі екен.

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Өкінішке қарай, біз кейіпкеріміздің артынан бара алмаймыз. Цехтың тәртібі солай, қауіпсіздік шаралары – басты назарда. Білікті маман көтерілетін биіктік – 34 метр. Бұл дегеніміз – 10 қабатты үй. Ол жақта кейіпкеріміз әр қазандықты тексеріп, барлығының жұмысын саралайды екен.

Жұмысы қыз-қыз қайнаған цехта ер адамдарды да кездестірдік. Бір топ маман нысан ішінде жөндеу жұмысын жүргізуде. Айтпақшы, Лидия Гурьянова – қазандық жабдықтары жөніндегі қараушы-машинист қызметін атқаратын өңіріміздегі жалғыз нәзікжанды.

Лидия Гурьянова, Петропавл 2-ЖЭО қазандық жабдықтары жөніндегі қараушы-машинист:

– Бізде мереке, демалыс деген мүлде жоқ. Ауысым келіп қалса, кез келген күні жұмысқа түсеміз. Тіпті, Жаңа жыл түнінде де еңбек етеміз. Биыл менің жолым болды деп айтуға толық негіз бар. 8-ші наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде үйде боламын. Дәстүрлі мерекені жақындарыммен атап өтпекпін.

Кейіпкеріміз – білікті маман ғана емес, қос қыздың анасы. Бүгінде олар – бір-бір шаңырақтың келіндері. Аяулы аналарына 5 бірдей жиен сүйдіріп отыр. Бірақ, екеуі де Лидия Гурьянованың жолын қуып, энергетика саласын таңдамапты.

Байболат Култанов