8 Наурыз

Мереке қарсаңында нәзікжандылар марапатталды

Көпбалалы аналар, ұстаздар, медицина қызметкерлері, журналистер, кәсіпкерлер. Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзікжандылар төрден орын алды. Мерекелік жиын басында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қыз-келіншектерді келе жатқан 8-ші наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Нәзікжандылардың қоғамда, жалпы адамзат өмірінде алатын орны ерекше. Сіздерге шын жүректен бақыт пен береке, шаттық тілеймін. Сіздердің нұрлы жүздеріңізді ешқашан мұң шалмасын, дендеріңіз сау, бауырларыңыз бүтін, отбасыларыңыз аман болсын.

Құттықтау сөздерінен кейін, кезек марапатқа келді. Мерекелік іс-шарада қыз-келіншектер 15 аталым бойынша құрметке бөленді.

Марапатқа ие болғандардың арасында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Эльмира Қаленова да бар. Ол “Халық көзайымы” аталымы бойынша үздік атанды. Тілші еңбек жолын студенттік кезден бастапты. Биыл қиындығы мен қызығы қатар жүретін салада еңбек етіп жүргеніне 18 жыл толып отыр.

Эльмира Қаленова, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі:

– Бүгін осындай марапат алып жатқаныма өте қуаныштымын. Журналисттің еңбегі бағаланып, әсіресе, халықтың алғысын алып жатса, ол бір мәртебе деп білемін.

Жоғары марапатқа ие болғандардың қатарында көпбалалы ана, кәсіпкер Гамида Осинцева да бар. Нәзікжанды 4 ұл тәрбиелеп қана қоймай, бизнесті де қатар алып жүр. Ол итальяндық технология бойынша ірімшік өндірумен айналысады. Басында сүйікті ісін үйінде бастаған екен. Ал жуырда мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, өзі кәсібін кеңейткен.

Гамида Осинцева, кәсіпкер:

– Жуырда соңғы үлгідегі қондырғылар сатып алып, цех аштым. Дәмі тіл үйіретін ірімшіктің түр-түрін қаладағы сауда орындарынан табуға болады. Оның барлығы табиғи өнімнен жасалады. Шынымды айтсам, өз ісімді енді-енді дөңгелетіп жатырмын. Соған қарамастан “Жыл үздігі” аталымы бойынша марапатқа ие болдым. Бұл – әрине, мен үшін үлкен қуаныш.

“Халық көзайымы”, “Жыл үздігі”, “Мейірімділік және қамқорлық”. Мереке қарсаңында арнайы ұйымдастырылған жиында осындай аталымдар бойынша үздіктер марапатталды.

Бақытжан Сәмиева, Қазақстанның әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бүкіл іскер әйелдер қоғамы осындай мерекелік іс-шараны өткізуде. Басты мақсатымыз – азаматшаларға алғыс айту.

Салтанатты іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналғандар жергілікті әнші-бишілердің өнерін тамашалады.

Дана Ешкенова