МТРА жаңалықтары

Коронавирус бойынша әлемдегі ахуал

Жуырда Оңтүстік Кореяда індет жұқтырғандар саны бойынша жаңа антирекорд тіркелді. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, елде науқастар қатары 200 мыңнан асып кеткен. Бүгінде аталған мемлекетте COVID-19-ды емдеуге арналған қарқынды терапия бөлімдеріндегі төсек-орын 48 процентке толық. Бұдан бөлек, 800 мыңға жуық кореялық тұрғын амбулаторлық ем қабылдауда. Мамандардың сөзінше, тәж вирусын жұқтыру деңгейі омикрон штамына байланысты артқан.

Ли Сан Док, дәрігер, Корея мемлекеті:

– Омикронның басты белгілері – тамақтың және бастың қатты ауруы, мұрынның бітелуі, құрғақ жөтел. Бұған температураның жоғарылауы мен әлсіздік те қосылады. Сондықтан, ең алдымен біз науқастарға ауруды басатын препараттар мен жөтелге, қабынуға және суық тиюге қарсы дәрілерді ұсынамыз. Біздің дәрігерлер мен медбикелер үйде емделіп жатқан 800-ге жуық науқасқа да қызмет көрсетуде.

Германияда да коронавирус жұқтырғандар саны қайта көбейді. Мәселен, соңғы 3 күнде тәж вирусы 200 мыңнан астам адамнан анықталған. Дегенмен, мұндағы билік шектеу шараларын жеңілдетіп жатыр. Мәселен, енді шетелдіктер ел аумағына кірерде карантинде отырмайды. Бұған дейін әрбір турист 10 күнге оқшаулануға тиіс еді.
Ал Түркияда жуырда далада маска тағуға міндеттейтін қаулы өз күшін жойды. Бірақ, бетперде тағу талабы ұшақ, театр, кинотеатр секілді жерлер мен мектеп сыныптарында жалғасады. Бұдан бөлек, өзге де сақтық шаралары едәуір жеңілдетілді.

Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:

– Бұған дейін елімізде бірқатар шектеу алынып тасталды. Індеттің бәсеңдегенін көрсететін нақты нәтижелерге қол жеткенде қалыпты өмірге оралуға бағытталған қадамдар жасадық. Оқшаулау мерзімі, скрининг, науқаспен байланыста болғандарға қойылатын талаптарға өзгерістер енгіздік.

Енді, әлемдегі иммундау шарасына тоқтала кетсек. Жуырда АҚШ-та вакцина салдыру мерзімінің аралығы ұзарды. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы 12 жастан асқандарға ковид екпесінің екінші дозасын 8 аптадан кейін алуға кеңес береді. Осыған дейін бірінші және екінші дозаның аралығы 3-4 апта болатын. Мұндай өзгеріс Pfizer және Moderna компаниялараның вакцинасына қатысты. Мамандардың айтуынша, жаңа зерттеулердің қорытындысы екі дозаның интервалы ұзағырақ болса, ковидке қарсы тиімділікті едәуір арттыратынын көрсеткен.

Меган Рани, дәрігер:

– Вакцина алудың тәртібі өзгеріп тұрады. Алдағы уақытта ол тұмауға қарсы салынатын вакцина сияқты болмақ. Америкалықтардың үштен бірі ковид вакцинасының бірінші дозасын да алмаған. Біз сол азаматтармен жұмыс істеп, екпе салдыртуымыз қажет. Ал екі дозаны алғандар мен 50-ден асқандар бустер дозасын қабылдауы керек. Сонымен қатар, келер күзден бастап иммундық жүйесі нашар адамдар екпенің төртінші дозасын алуы тиіс, себебі олардың індетке қарсы күш-қауқары әлсірей бастайды.

Ал Англияда иммундау шарасы әлі де бәсең жүріп жатыр. Соған қарамастан аталған елде қоғамдық орындарда маска тағу, вакцина паспортын көрсету және қашықтан жұмыс істеу сияқты шектеулер заңды күшін тоқтатқан.

Дана Ешкенова