Алтын құрсақты аналардың құрметіне жергілікті “Делия” би студиясының қыздары өнер көрсетуде. Мың бұралған жас бишілерге нәзікжандылар тәнті болуда. Бір сәт күнделікті күйбің тіршіліктен демалып, тамаша кештің куәгері болып жатқан жандар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіруде.
– Мерекелік көңіл-күй сыйлап жатқандары үшін көптен-көп рахмет. Келе жатқан мерекемен барлық нәзікжандыларды құттықтаймын.
– Өте қуаныштымыз. Бізді жинап, көңілімізді көтеріп жатқандары үшін рахмет.
Мерекелік іс-шараға 25 ана шақырылыпты. Қолдары шаруадан босамаған болар, концерттік бағдарламаны 20 алтын құрсақты жан тамашалауға келген. Айта кетейік, бұл жиынды “Қызылжар аналары” қауымдастығы ұйымдастырып отыр екен.
Мария Мамонтова, “Қызылжар аналары” қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Мерекелік басқосуды аналарымыздың бір сәт демалуы үшін жасап жатырмыз. Мұнда оларға арналып дастархан жайылды, түрлі ойындар ойнатылуда. Шараға көпбалалы және жалғызбасты аналар қатысуда. Бұл мерекелік жиынды өткізуге қаладағы дүкендер мен салондар қолдау көрсетті.
Мерекелік жиын соңында аналарға көйлек пен түрлі сертификаттар және балаларына арналып бағалы сыйлықтар табысталды.
Алдияр Айтпаев