Қылмыстық схемасын жүзеге асыруға экс-басшы 2020-ның мамырында кірісіпті. Нәзікжанды аз қамтылған отбасыларға қарастырылған баспаналарды өз мақсатында пайдаланған. Дәлірек айтқанда, жатақханадағы пәтерлерді кезекте тұрған жандарға емес, қомақты қаражат ұсынған адамдарға беріпті. 500-800 мың теңге төлеуге даяр қалалықтарды парақордың 2 сыбайласы тауып отырған.
Дамир Хабибулин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:
– Жатақханадағы пәтерлер жұмыс істейтін, жасы 29-дан аспаған жастарға 5 жылға дейін жалға беріледі. Алайда, орталықтың экс-басшысы заңға пысқырмады да. Нәзікжанды пара алу арқылы қоныстандырған 5 адамның ішінде екеуінің жасы 29-дан асқан екен әрі жұмыс істейтіндігі туралы құжаттар жалған болып шыққан. Құжттардың баспана келісімшартына отырар алдында жасалғаны анықталды.
Тағы 5 адамды нәзікжанды жылыту маусымынан кейін қоныстандырмақшы болған екен. Әрбіреуінен 200 бен 800 мың теңге арасында ауыз бастырық алып отырған. Абырой болғанда қулардың арам ісі әшкере болды. Экс-басшы – 8, ал 2 сыбайласы 7 жылға сотталған. Бұл ретте парақорлыққа қалайша жол берілді деген сұрақ туындайды. Сөйтсек, тұрғын үй комиссиясының отырысы өткізілмеген, кезекте тұрғандардың тізімі болмаған.
Тимур Сұлтанғазиев, СҚО әкімінің орынбасары:
– Сыбайлас жемқорлыққа жол беретін қауіп-қатерлерді жою қажет. Ол үшін жалға берілген және бос пәтерлердің бірыңғай базасын жасау қажет. Тізім жұмыспен қамту орталығының сайтында да болуы тиіс. Сондай-ақ, тұрғын үй комиссиясының құрамын қайта қарау керек. Оған қоғам өкілдері, мәслихат депутаттары да мүшелік еткені жөн.
Сондай-ақ, комиссияның әрбір отырысының онлайн трансляциясы жүргізілмек. Бұл жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Эльмира Садвокасова