Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алтын құрсақты аналар марапатқа бөленді

 

Осыған дейін облыс әкімдігінде өтетін жиындарда негізінен костюм киіп, галстук тағынан ер адамдар отыратын. Ал бүгін залда көктеммен таласа құлпырған нәзікжандылар саны басым. Содан болар, әдетте жиналыс өтетін орын ерекше нұрлана түскен сыңайлы. Мұны өз сөзінде әйелдер қауымын мерекемен құттықтаған өңір жетекшісі де атап өтті. Құмар Ақсақалов алтын құрсақты аналарға өзінің ерекше ризашылығын білдірді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Әрбір адамның өмірінде ананың алатын орны бөлек. Ана деген сөздің өзі әрқайсысымызға ерекше ыстық, жылы. Барлық жақсылық сол анамен байланысты. Бұл өмірге баланы алып келіп, оны тәрбиелеу – әр ананың міндеті. Сондықтан, мен барша аналардың алдында басымды иіп, алғыс айтқым келеді.

Кейін аймақ жетекшісі жеті және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» табыстады. Солардың қатарында 4 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп отырған Инеш Жанайдарова да бар. 7 баланы бағып-қағып отырған ана ауылдық мектепте математика және физика пәндерінен сабақ та беріп үлгереді. Үй мен түздің шаруасын қатар алып жүрген нәзікжанды балаларым ерекше қолғабыс көрсетеді дейді.

Инеш Жанайдарова, көпбалалы ана, Айыртау ауданы:

– Үлкен қызым грантта университетте оқып жатыр. Ұлым колледжде. Келесі ұлым 7-ші сыныпта оқиды. Қалғандары үйде. Ортаншы ұлым мен мектептен келгенше су, отын кіргізіп қояды. Қалғандары кішкентай ғой, сонда да бір-біріне қарайласады. Отағасы мал жайлауға кеткенде 6 жасар қызым інісі мен сіңлісін бағып қалады. Жалпы, көпбалалы отбасыларда жауапкершілік деген мықты болады. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Ерекше сезімде тұрмын. Арттан ерген сіңлілеріме үлгі боларлық іс.

Жиында тағы алтын құрсақты 2 ана күміс алқаға ие болды. Бұдан соң кезек Құрмет грамоталарына келіп жетті. Оған ие болғандардың қатарында әріптесіміз Ульяна Әшімова да бар.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасын алғандардың тағы бірі – Фатима Мұстафина. Ол қызығы мен қиындығы қатар жүретін кәсіп – ұстаздықты таңдаған. Сөйтіп, міне, 27 жыл бойы өскелең ұрпақті білім нәрімен сусындатуда.

Фатима Мұстафина, А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Бүгінгі күні мұғалім боп жұмыс істеу жаңға бағдарламаны білсеңіз, жақсы психолог болсаңыз қиын емес. Мұғалімдік жұмыс өте қызықты. Мен үшін балаларға бір нәрсені үйрету – үлкен маңызды іс. Бұдан кейін өзіме артылар жүктің ауырлай түсетінін білемін.

Бүгіндері отбасы ошақ қасында ғана емес, түрлі саланың тізгінін ұстап жүрген нәзікжандылар жетерлік. Облыстағы кәсіпорын ұжымдарының – 25, ал депутаттардың 30 пайызы осы әйел азаматшалар екен. Тағы мемлекеттік қызметте еңбек ететіндердің жартысы да нәзікжандылар. Ал білім мен денсаулық сақтау саласындағы әйелдердің басым екендігі айтпаса да түсінікті.

Магжан Ахмадина