Еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов ең алдымен облыс орталығындағы Оқушылар сарайына барып, ішін аралады. Бүгінде білім мен ғылым ордасында 90-нан аса үйірме бар. Министр солардың бірқатарына бас сұғып, мұғалімдермен және оқушылармен тілдесті.
Оқушылар сарайындағы үйірмелерде 7 бағытта білім беріледі. Яғни, ұл-қыздар IT, медиа, ғылыми-биологиялық, көркемсурет, бизнес және программалау секілді бағыттар бойынша қосымша оқиды. Нәтиже бар. Қазіргі күні осы жерде тәлім алатын шәкірттер өздері мобильдік бағдарлама да жаза бастапты.
Темірлан Мейрам, оқушы:
– Мен несиені есептейтін бағдарламаны жазып шықтым. Мұнда кредиттің сомасы, жылдық төлем мөлшері мен пайызын білуге болады.
Еліміздің бас ұстазы болашақ журналистермен де кездесіп, оларға сұхбат берді. Өз сөзінде Асхат Аймағамбетов оқушыларды көп кітап оқуға шақырды және балаларды дамыту мақсатында атқарылып жатқан өзге де шаруаларды тілге тиек етті.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
– “Балалар жылы” болғандықтан басты назар білім саласын дамытуға бағытталған. Ол жобалар республика бойынша орындалалды. Біз балалардың әр түрлі үйірмелерге қатысуы бойынша шаралар дайындап жатырмыз.
Кейін, министр ат басын жергілікті университетке бұрды. Мұнда ол салынып жатқан корпустың құрылысымен танысты. Қара шаңырақ ректорының сөзінше, нысан осы күзде тапсырылады. Қолданысқа берілген соң ғимаратта инженерлік, агротехнологиялық және медициналық факультеттер ашылады. Сондай-ақ, ең жоғарғы деңгейдегі заманауи қондырғылар қойылады. Олардың көмегімен жастар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігіне ие болады.
Бердимурат Баймухан