Тұқым тексеру бағытында өзгерістер орын алмақ. Енді дән сараптамасын диқандар мемлекеттің емес, өз есебінен төлеуге мәжбүр болмақ. Мәселені “ЗерноАгроЭксперт” серіктестігінің директоры Азамат Тілеубергенов көтерді. Азамат осы сұрақпен кәсіпкерлер палатасына және Антикор өкілдеріне жүгінді.
Бірнеше айдан соң өңірде көктемгі дала жұмыстары бастау алмақ. Аграрийлерге жұмысқа кірісу үшін алдымен алқаптарға сіңіретін дақылдарды қамдау қажет. Себебі, алтын дәннің бәрі бірдей тұқымға жарамайды. Оның шығымдылығы мен ылғалдылығын диқандардың басым бөлігі Аққайың ауданындағы «ЗерноАгроЭксперт» серіктестігінде тексеретін. Шаруа мемлекет есебінен төленетіндіктен, бизнесмендер мүлдем шығындалмайтын еді. Алайда, биылдан өзгеріс енгізілмек.
Азамат Тілеубергенов, «ЗерноАгроЭксперт» ЖШС директоры:
– Тұқымды сараптамадан өткізбей, жерге сіңіруге болмайды. Мұндай заң 2003 жылы қабылданды. Бірақ, биыл жергілікті бюджеттен астықты тексеруге қаражат бөлінбеді. Яғни, шаруаны аграрийлер өз қаражатына атқаруы тиіс. Бұл бизнесмендердің қалтасына салмақ түсірмек.
Дән сараптамасы бір емес бірнеше мәрте жүргізіледі. Мәселен, дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдарды – 5, ал рапс, зығыр мен күнбағысты 6 рет зертханалық тексерістен өткізу қажет екен. Әрбіреуінің құны орташа есеппен 3 мың теңгені құрайды. Былтыр өңір бюджетінен аталған мақсатқа 160 млн теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілген.
Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Биыл біз тұқым тексерісіне 200 млн теңге сұраттық. Алайда, мәслихат сессиясында аталған мақсатқа қаражат бөлу туралы өтінім мақұлданбады. Бұл қаражат тапшылығымен түсіндіріліп отыр.
Мәселе шешімін таппаса, аграрийлер дән сараптамасына өз қалтасынан шығындалмақ. Жалпы, өңірде тұқым тексерісімен айналысатын 2 зертхана бар.
Эльмира Садвокасова