Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысты. Солтүстік Қазақстан облысын басып өтетін дәл осы 4 өзен әдетте арнасынан асып, жан-жаққа жайылады. Ал биыл аталған су айдындарынан қауіп төнеме ме? Қазгидромет мамандарының соңғы мәліметтеріне сүйенетін болсақ, өңірімізде күзгі ылғалдың қоры қалыпты нормадан 39 пайызға төмен екен.
Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:
– Биыл жердің қату тереңдігі 66 мен 150 см аралығында. Бүгінде өңірде ылғал қорының жиналу процесі қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда Сергеев су қоймасының толымдылығы 78,6% құрайды. Аталған көрсеткіш өткен жылғы нормадан 11%-ға төмен.
Сілеті өзеніне жеке тоқталып өтейік. Биыл мұнда қар жылдағы нормадан 25 пайызға көп жиналған. Егер ақ ұлпа күрт еріп, су арнасынан асса Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл мен Қаратал ауылдарына қауіп төнбек. Бүгінде қос елді мекенде мың жарым адам тұрады. Құтқарушылар апаттың алдын алу үшін ауыр техниканы қауіпті саналатын аймақтарға ертерек жібермек.
Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:
– Сонымен қатар, көктемгі кезеңде жауын-шашынның мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде су тасқыны жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін. Сондықтан, биыл өңіріміздің 85 елді мекені ереше бақылауға алынып отыр. Ол ауылдарда 6 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тұрады.
Қызыл судың бас көтеруіне жол бермес үшін құтқарушылар тиісті шараларды қолға алып, қауырт маусымға сақадай сай отыр. Облысымызда төтенше жағдай бола қалса, 130-дан астам ауыр техника, 5 бірлік жүзу құралы және 85 мотопомпа әзір тұр. Егер ахуал күрделене түссе, жергілікті атқарушы органдардан шамамен 2 мың адам, 1300 техника, оның ішінде 363 су сорғыш қондырғы мен 108 бірлік жүзу құралы тартылатын болады. Сондай-ақ, 200 тоннаға жуық жанар-жағармай, 30 мың тонна инертті материал және 36 мың қап дайындалған.
Дана Ешкенова