Денсаулық сақтау

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы

Наталья Повторейко 59 жаста. Нәзікжанды былтыр шілде айында ковид-19-ға шалдығыпты. Індет бірден ушығып, қала тұрғыны жансақтау бөлімшесінен бір-ақ шыққан. Ақ халаттылардың еңбегінің арқасында 16 күннен кейін жерлесіміз аяққа тұрды. Бірақ, тәжді вирус Наталья Повторейконың ағзасын шарпып, денсаулығын әбден нашарлатқан екен. Араға 8 ай уақыт салып қана нәзікжанды біртіндеп армандаған қалыпты өміріне оралуда.

Наталья Повторейко, қала тұрғыны:

– Мен «Митралияда» ковидтен кейінгі оңалтудан өтуге болатынын естідім. Осылайша медициналық орталыққа келдім. Бүгін ем-дом қабылдап жүргеніме 6-шы күн болды. Денсаулығымның жақсарып қалды. Реабилитацияға қан сұйылту, электрофорез, массаж бен велосипедте шынығу кіреді. Емдеу мекемесінде шамамен 1,5 сағат боламын.

Ковидтен кейінгі оңалтудың 3 түрі бар. Әрбіреуі 10 күнге жалғасады. Құны 40 мың мен 81 мың теңгенің аралығын құрайды. Алайда, Наталья Повторейко сынды міндетті әлеуметтік медициналық қорда сақтандырылған азаматтар үшін процедуралар тегін. Тағы «Митралияда» қалтаңыздан ақша шығармай бірнеше бағыт бойынша анализ тапсыруға мүмкіндік бар.

Светлана Миронина, «Митралия» медициналық орталығының директоры:

– Біздің медициналық орталықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында кардиология, неврология, гинекология және гастроэнтрология бойынша қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, бізде күндізгі стационар бар. Мұнда ересектер үшін оңалтудың 3-ші кезеңі қарастырылған. Яғни, инсульт пен инфаркт, коронавирус пен пневмониядан кейін оңалтудан өтуге болады. Оған қоса жарақат алып, ота жасағаннан кейін де біздің емдеу мекемесінде денсаулығын түзей алады.

Медициналық сақтандыру қоры аясында қызмет көрсететін жеке меншік емдеу мекемелерінің бірі – «Формула здоровья» серіктестігі. Клиника қан тамыры хирургиясы бағытында жұмыс істейді. Мемлекетпен әріптестікті 2017 жылы орнатыпты. Содан бері талай солтүстікқазақстандыққа ота жасалған.

Николай Макаров, «Формула здоровья» ЖШС директоры:

– Біз науқастардың басым бөлігіне варикозды жою бойынша ота жасаймыз. Сондай-ақ, купероз бен тамыр жұлдызшаларын да жоямыз. Бұл ретте су жаңа лазер аппараты қолданылады. Жылына клиникамызда шамамен 300 ота жасалса, оның 200-і медициналық сақтандыру қоры аясында өткізіледі.

Қан тамыры хирургиясы бағытындағы оталардың құны 180 мың теңгеден бастау алады. Ал операция медициналық қор аясында өткізілсе, науқастардың қалтасынан бір тиын да шығарылмайды. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді тегін алудың ретін еске салайық.

Қарлығаш Ілиясова, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Әрбір науқас өз емханасына баруы керек. Терапевт оған қажет талдауларды тағайындайды. Қажет болса тар бейінді мамандарға да жолдама береді. Ол жолдама бойынша тегін өтуге болады.

Ең алдымен талдауларды тапсырып, дәрігер қарауынан өту мүмкіндігі емхана қабырғасында қарастырылады. Егер қажетті маман табылмаса, онда медициналық қормен әріптестік орнатылған жеке меншік орталықтарға жолдама беріледі. Айта кету қажет, сақтандыру жүйесінде бүгінде Петропавлдағы 25 мемлекеттік мекемеден бөлек, 16 жеке клиника тіркелген.

Эльмира Садвокасова