Бизнес және экономика

Әлеуметттік кәсіпкерлікті дамыту қажет

2022 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң күшіне енді. Оның мақсаты – қызмет көрсету және тауар өндіру арқылы қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешу. Ең бастысы – халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа тарту.

Нұржан Садықов, СҚО кәсiпкерлiк және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Әлеуметтік кәсіпкерлік 4 категорияға бөлініп қарастырылады. Соның алғашқысы ол – ерекше қажеттілігі бар адамдар, яғни егде жастағы және зейнет жасына жақындаған жандар, түрмеден босап шыққандар, жетім балалар мен көпбалалы аналарды еңбекке алғандар. Екіншісі, жоғарыда аталған азаматтарға тауар өндіру және қызмет көрсетумен айналысатындар. Тағы мүмкіндігі шектеулі жандарға педагогикалық-психологиялық көмек көрсететін ұйымдар да осы санатқа кіреді.

Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау үшін бірқатар ынталандыру шарасы қолға алынған. Яғни, бұл жобаға қатысуға ниетті жандар үшін бірқатар салықтық жеңілдік қарастырылған.

Жаңыл Қабдөшева, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бас маманы:

– Ерекше қажеттілігі бар қызметкерлерінің саны 51%-ке жететін ұйымдар корпоративтік табыс салығынан, әлеуметтік және жер салықтарынан босатылады. Сондай-ақ, мүлікке салық салу кезінде жеңілдіктер жасалады.

Айта кеткен жөн, ірі бизнес субъектілері әлеуметтік кәсіпкерлік санатына кірмейді. Жалпы, бүгіндері елемізде аталған жобаға қатысушылар саны көп емес. Жиынға қатысушылар мұны ақпараттың аздығымен байланыстырады. Сондықтан, насихаттау шараларына қарқын қосу қажеттігі айтылды. Қазір арнайы комиссия құрылып, олар наурыздың 15-іне дейін іскер жандардан өтініштер қабылдайды. Әлеуметтік кәсіпкер боламын деушілердің құлағына алтын сырға. Аталған мәселе бойынша толық ақпарат алу үшін 36-13-62 нөміріне хабарласуға болады.

Магжан Ахмадина