Қоғам

 «Қазақ халқына мың алғыс» этносаралық форумы өтті

20-шы ғасырдың бірінші жартысы Кеңес үкіметінің тұрғындары үшін азап пен қайғыға толы болды. Тарихта қанмен жазылған қиын-қыстау кезеңдердің бірі – күштеп депортациялау. Поляк, неміс, корей, балкар, украин, шешен, ингуш пен күрдтер Сталиндік саясат үшін «сенімсіз» деп танылды. Осылайша, бір түн ішінде олар туған жерлерінен қуылып, өзге елге күштеп қоныс аударылды. Апталап, айлап жүк вагондарымен жеткізілген халық айдалада қалдырылды.

Алғашқы жылдары аштық, аяз бен індеттерден ондаған мың адам көз жұмды. Бірақ, білдей бір этностардың құрып кетуіне қазақ халқы жол бермеді. Дархан даланың иелері қудаланғандардың барлығына қол ұшын созды. Пана берді, соңғы бір үзім нанымен бөлісіп, балаларын туған бауыр етіндей көрді. Мұндай қолдау елімізге күштеп депортацияланған әр отбасыға көрсетілді. Солардың арасында Рашид Надировтың да әулеті бар. Кавказ жерінен жанұя 37-ші жылы қоныс аударылыпты. Содан бері Қазақстан мыңдаған күрдтің Отанына айналған.

Рашид Надиров, «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» РҚБ СҚОФ төрағасы:


– Осы жердің, елдің арқасында біз өсіп-өндік, жоғары білім алдық. Қазір күрдтердің арасында ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер бар. Біздің өңірді алар болсақ, 300-ге жуық күрд тұрып жатыр. Барлығы елдің дамуына үлестерін қосып жатыр.

Патриоттық сезімдерінің бір көрінісі – күрдтердің пандемия кезіндегі халыққа көрсеткен қолдауы. Этномәдени бірлестік өкілдері 1,5 млн теңге жинаған. Қомақты қаражатқа ауруханалардың біріне ИВЛ аппаратын сыйлап, аз қамтылған отбасыларға қаржылай және азық-түлікпен көмек көрсетті. Жасаған қайырымдылықтары үшін бүгін «Барбанг» күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Рашид Надиров «Жомарт жан» медалімен марапатталды. Жалпы, бүгінде елімізде 130-ға жуық ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Олардың әрбіреуінде өзінің тілі мен ділін сақтап, әдет-ғұрпын кейінгі ұрпақ өкілдерінің бойына сіңіруге мүмкіндік бар.

Райса Рамазанова, «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі:

– Біздің «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі 30 жылдан аса уақыт бұрын құрылды. Ұйымның 500-ге жуық белсенді мүшесі бар. Жиі кездесіп, бас қосамыз. Жастарымызға салт-дәстүрлерімізді үйретеміз. Ал мерекелерді өзіміз ғана емес, барлық Ассамблеямен бірігіп атап өтеміз. Қысқасы – бір шаңырақ астында бірлік пен достықта өмір сүрудеміз.

Алғыс айту күнінде ел мен жер дамуы үшін үлес қосып жүрген бірқатар мамандық иесі де марапатталды. Құрметке бөленгендердің арасында полиция қызметкерлері, дәрігерлер мен құтқарушылар бар. Этносаралық форум түрлі ұлт өкілдерінің биі биленіп, әні шырқалған концертке ұласты.

Эльмира Садвокасова