8 Наурыз

ЕС-164/6 мекемесінде 8 Наурызға арналған іс-шара өтті

Сұлулық байқауына барлығы 7 нәзікжанды қатысуда. Сайыс 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі – өзін-өзі таныстыру. Мұнда Олеся Смольникова есімді келіншек ерекше көзге түсті. Ол жиналғандарға өзі жайлы жазған өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Олеся туындысына өзін-өзі таныстыруды ғана емес, ата-анасы мен бауыр еті баласына деген сағынышын сыйдырыпты. Әр шумақта жақындарына арналған жүрек тебірентер жолдар бар. Қостанайлық келіншектің темір торға тоғытылғанына биыл – 5 жыл. Есірткі саудалағаны үшін бас бостандығынан айрылған екен. Нәзікжандының өлеңін қазылар алқасы жоғары бағалады.

Олеся Смольникова, жазасын өтеуші:

– Сұлулық байқауына алғаш рет қатысып отырмын. Мен үшім бастысы – жеңіс емес, өзіме және осындағы жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлау. Барлық кезеңге жақсылап дайындалдым. Тіпті, шабытым оянып, сағыныш өлеңін де жаздым. Себебі, сағыныш деген үлкен ұғымды осы жерде түсіндім.

Кезінде заңнын ала жібін аттап, түзету мекемесіне түскен әрбір әйел – біреудің қызы, жары немесе анасы. Мұндағы қыз-келіншектердің басты арманы – бостандыққа шығып, жақындарымен бірге болу. Бұл күнді байқаудың тағы бір қатысушысы Әлия Дәуренбекова асыға күтіп жүр. Ол тура 1 жыл 10 айдан соң бала-шағасына оралмақ. Нәзікжанды сағыныштан сарғайып, сары уайымға түспес үшін осындай іс-шараларға белсенді қатысып тұрады екен.

Әлия Дәуренбекова, жазасын өтеуші:

– Осындай іс-шараларға жиі қатысып тұрамын. Жаңа сахнада бар өнерімді салуға тырыстым. Сұлулық байқауына 1 ай көлемінде дайындалдық. Тіпті, дефиле үшін арнайы көйлек те тіктім. Бұл жерде осылай ғана өз-өзімізге жақсы көңіл-күй сыйлай аламыз. Бостандықта бәрі өзгеше еді.

Сотталғандардың арасында ұйымдастырылған байқаудың басты мақсаты – нәзікжандылардың өнерін, ақылы мен білімін саралау және қыз-келіншектер арасында ұжымдық көңіл-күй қалыптастыру. Жалпы, ЕС-164/6 мекемесінде мұндай іс-шара дәстүрлі мереке қарсаңында жыл сайын өтіп тұрады.

Оксана Вышар, ЕС-164/6 мекемесінің бөлім бастығы:
– Бүгінгі сұлулық байқауы 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған. Байқауға қатысушылар өздерін таныстырды, дефиле көрсетті және өнерлерін ортаға салды. Сайыс барысында интеллектуалды ойындар да өткізілді. Қыз-келіншектер жақсы дайындалған. Барлығы көйлек тікті, шаш үлгісін жасады. Мұндай шаралар сотталғандар арасында психологиялық тұрақтылықты қалыптастыруға септеседі.

Сонымен, сұлулық байқауының қорынтыдысы бойынша 1-ші орынды Олеся Смольникова жаңіп алды. Одан кейінгі сатыда – Әлия Дәуренбекова мен Татьяна Васенина. Сайысқа қатысқан қыз-келіншектердің бірде-бірі елеусіз қалмады. Олар естелік сыйлықтармен, грамоталармен марапатталды.

Дана Ешкенова