Спорт

“Солтүстік-2022” қысқы спорт ойындары мәресіне жетті

Булаево қаласындағы Батыр Баян спорт кешені. Қазір мұнда тартысты ойын өтуде. Жергілікті спортшылар мен Есіл ауданының құрамасы ала доп бәсекесінде өзара мықтыны анықтауда.

Алаң иелері ойынның алғашқы минутынан қонақтарды қыспаққа алып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Осылайша, 2 гол соқты.
Бірақ, есілдіктер де оңай шағылатын жаңғақ емес. Олар – өткен жылғы облыстық доданың чемпиондары. Алғашқы таймның соңында қонақтар есепті қысарта алды. Нәтижесінде командалар үзіліске 2 де 1 есебімен тарқасты.

Асхат Макенов, жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

Өз алаңымызда болғаннан кейін сенімді ойнадық. Ойын тартысты өтуде. Жарысқа дайындық жақсы болды. Команда жинақтап, бірге жаттығу жасадық. Тек жеңістен үміттіміз.

Екінші таймда да жұмабаевтықтардың басымдығы байқалды. Олар бірнеше мәрте нәтижелі шабуыл ұйымдастырды.

Алдияр Айтпаев, тілші:

Тартысқа толы ойында алаң иелері жеңіске жетті. Есеп – 5 те 2. Қазір ортада Жамбыл мен Қызылжар ауданының құрамалары өзара мықтыны анықтауда. Дәл қазіргі уақытта “Жастар” мұз айдынында да қызыққа толы бәсеке өтіп жатыр. Шорт-трекшілердің сайысын сіз бен біз болып бірге тамашалаймыз.

Айдында – 5 ауданның спортшысы. Қазір жігітер жекелей сында 500 метрге жүгіруде. Бастапқыда есілдік Айдос Жолдыбаев алдынғы қатарда келе жатты. Өкінішке қарай, доданың ортасына таман бірнеше рет қателікке бой алдырып, қарсыластарынан қалыс қалды.

Айдос Жолдыбаев, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

Жеңіске жету үшін күшті дайындық керек. Дайындығым аз болды. Енді 1000 метрге жүгіремін. Настрой жақсы. 500 метрден қарағанда 1000 метрге жақсырақ жүгіремін.

Жігіттер ақтық кезеңге жолдаманы сарапқа салып жатқанда қыздар жүлде үшін таласуда. 500 метрге жүгірген бұрымдылардан жергілікті спортшы Дарина Айтпишева оқ бойы озып, жеңімпаз атанды.

Дарина Айтпишева – жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы

Алғашқы жылы сәтсіз өнер көрсеттім. Содан бері 5 жыл өтті. Осы уақытта тек чемпиондық атақты қорғап келемін. Жарыс ауданымызда өткеннен кейін өзіңді сенімді сезінеді екенсіз. Жанкүйерлердің да қолдауы күш береді.

Кезек – шаңғы жарысында. 30 саңлақ 10 шақырымды еңсеруде. Түскі 2 жарымның шамасында солтүстікқазақстандықтар жарты жолды жүріп өтті. Көшті аққайыңдық Азат Назыров бастап келеді. Спортшы сайыстың соңына дейін бұл басымдықты сақтап қалды. Осылайша, ерлер арасында топ жарды.

Азат Назыров – жарысқа қатысушы, Аққайың ауданы

“Солтүстік” мерекесіне 12 жылдан бері қатысып келемін. Бастапқы жылдары бәсекелестік жоғары болды. Маған 2-ші, 3-ші орындар бұйыратын. Биыл, міне, бірінші рет жеңімпаз атанып тұрмын.

Нәзікжандылар арасында да аққайыңдық Әсем Назырова топ жарды. Осылайша, ағалы-қарындасты спортшылар аудан қоржынына қос алтын жүлде салды.

“Солтүстік-2022” ойындарын қорытындылайық. Жалпыкомандалық есепте Аққайың ауданы – үшінші, М.Жұмабаев – екінші, ал Ғабит Мүсірепов құрамасы жеңімпаз атанды. Келесі жылы доданың алауы чемпиондар жерінде жағылмақ.

Алдияр Айтпаев