Мәдениет

Наурыздың 1-і – Алғыс айту күні

Бір түннің ішінде бірнеше этностың өкілдері баспаналары мен туған жерлерінен айырылды. Малды тасымалдауға арналған поезд вагондарына тиелген жұртшылық қолдарына бір ғана дорба ұстаған күйі аспан астында айдалада қалдырылды. Сталиндік жүйеде «сенімсіз халық» деп танылған жүздеген мың поляк, корей, неміс ұлтының өкілдері солақай саясаттың тауқыметін көрді. Олар сол кездегі Кеңес үкіметінің ең шеткері аумақтарына аттандырылды. Осылайша 1936 жылдан бастап теріскей өңіріне 130 мың адам күштеп қоныс аударылды.

Назерке Рамазанова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің архивисі:

– Қоныс аударушылар киімсіз, аш-жалаңаш келді. Құжаттары да болмады. Оларды қазақ халқы кеңпейілділікпен қарсы алды. Үйлеріне кіргізіп, тамақ пен киім-кешек берді.

Иә, ашаршылықтан енді ғана есін жиып келе жатқан қазақтар өзге халықты жападан жалғыз қалдырмады. Күздің суығы мен қыстың аязында келген этнос өкілдерінің алдымен қарттарын, балалары мен әйелдерін өз үйлеріне қоныстандырды. Кейін үй салуға көмектесіп, малдарымен де бөлісті. Осылайша, Кеңес үкіметімен көзін жоюға жіберілген жұртшылық аман қалды. Мұны №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушылары жақсы біледі. Кейінгі буын өкілдері тарихпен білім ошағындағы сабақтардан ғана емес, үйдегі үлкендердің әңгімесінен таныс. Сондықтан, Алғыс айту күнінде ұл-қыздар отбасыларының атынан қазақ халқына алғыстарын жеткізуде.

СҚ мемлекеттік архивінде ұйымдастырылған көрмеге тық ақпарат пен депортацияға қатысты құжаттар қойылған. Тарихи деректермен алдағы 10 күн ішінде танысуға мүмкіндік бар.

Эльмира Садвокасова