Сирена қосылып, дыбыс зорайтқыш арқылы хабарлама айтылған соң, қас қағым сәттің ішінде Заречный кентінің көшелеріне адам тасымалдайтын көліктер жетті. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары үй-үйден шыққан жастарды көлікке отырғызып, жергілікті эвакуациялық пункттердің біріне әкелді. Яғни, тұрғындар №13 мектепке жеткізілді. Тасқыннан құтқару сценарийіне сәйкес, ғимарат ішіндегі қызметкерлер оларға алғашқы көмек көрсетуде.
Торғын Әбдірахманова, №13 орта мектебінің мұғалімі:
– Біздің міндетіміз – осында тұратын адамдарға көмек көрсету. Қал-жағдайларын сұрап, алғашқы жәрдем береміз.
Эвакуацияланған адамдар кейін осында қалады. Бүгінде мектеп ішінде 50 адамға арналған кереует бар. Ең бірінші кезекте мұнда егде жастағы кісілер мен балалар әкелінеді. Білім ошағына 1 аптаға жетерлік азық-түлік те жеткізіліпті.
Абай Қайсин, №13 орта мектебінің директоры:
– Мұнда медпункт және ана мен балаға арналған орын бар. Сондай-ақ, тұрғындарды күніне 3 рет тамақтандырып тұрамыз.
Мал шығынын да болдырмау қажет. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары осыған да аса мән береді. Олар тасқын таяса Заречный кентіндегі жануарларды апаратын арнайы орын әзірлеп қойған екен.
Азимхан Мергасимов, қалалық ТЖБ бастығының уақытша міндетін атқарушы:
– Тасқын кезінде орын алатын жағдайлардың барлығын алдын ала пысықтап алдық. Қызметкерлеріміз дайын. Айта кеткен жөн, қазіргі күні Петропавлда 4 эвакуациялық пункт бар. Олардың барлығы мектептерде орналасқан. Ал төрт-түлікті жергілікті серіктестіктердің нысандарына апарамыз.
Жалпы, қала маңында су басу қаупі жоғары 3 аумақ бар екен. Олар: Заречный мен Былғары зауыты кенті және Ойқала ықшам ауданы. Мамандардың сөзінше, биыл Есіл өзені арнасынан аспайды. Қазгидромед өкілдері ауа райы болжамын жасапты. Ұсынылған дерекке сүйенсек, қардың мөлшері былтырғы нормада екен. “Бірақ, сонда да сақ болған жөн”,- дейді құтқарушылар.
Бердимурат Баймухан