Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Есіл ауданында болды

Амангелді ауылдық округіндегі «Агрохимснаб» серіктестігі жерін игеріп отырған елді мекенді дамытуға жыл сайын миллиондаған қаржы бөледі. Былтыр агроқұрылым басшысы аталған мақсатқа 11 млн теңге бағыттаған. Сонымен қатар, жұмысшыларына баспана салып, мектептің құрылысына қажетті материалдар сатып алған. Бұдан бөлек те ауыз толтырып айтарлықтай істері жеткілікті. Аграрий биыл да біраз істің басын қайырмақшы.

Владимир Олексюк, «Агрохимснаб» ЖШС басшысы, Есіл ауданы:
– Үстіміздегі жылы ауылдағы қоғамдық моншаны күрделі жөндеуден өткіземіз. Амангелді ауылындағы жұмысшыларымыздың үйіне су кіргізіп береміз. Оған 2 млн теңге бағыттаймыз.

Қазіргі күні су тарату желілері ауылдағы көшелерге толықтай орнатылған. Амангелділіктердің баспанасына таза тіршілік көзі биыл жаздан бастап кіргізіледі. Орталықтандырылған желіге қосылу үшін бір отбасы шамамен 130 мың теңге жұмсауы қажет. Егер бұл шаруаны арзанырақ жолмен атқарғыңыз келсе қарапайым бұрғылау тәсілін қолданып көргендеріңіз жөн деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Қызметі қымбат маманды іздеудің қажеті жоқ. Жерді қазғанша «көлденең бұрғылау» әдісін қолданып көруге болады. Бұған шамамен 100 мың теңгедей жұмсайсыздар. Серіктестік көмектесуі керек.

Осы ретте аграрийлер биыл 30-ға жуық отбасына қолдау көрсетеміз деп отыр. Бұдан бөлек Амангелді ауылында саябақ ашу жоспарлануда. Оның құрылысына «Поляковское» серіктестігі мұрындық болмақшы. Айта кеткен жөн, кәсіпорын дәнді, майлы дақыл және көкөніс өсірумен айналысады. Алған ырыздықтың бір бөлігін жергілікті бағаны тұрақтандыру қорына жібереді. Серіктестік өкілдері шаруашылықтың ішкі жұмыстарынан бөлек ауылды дамытуға да елеулі үлес қосып жүр.

Алексей Чернецкий, «Поляковское» ЖШС директорының орынбасары, Есіл ауданы:

– Біз өткен жылы елді мекендердің арасындағы жолдардың күтімімен айналыстық. Жол жиегінде қаулап өсіп кеткен шөпті шауып, қыста қарын тазалап отырдық. Ауылдардың ішін де аршыдық. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті қалпына келтірдік. Осының бәріне 8 млн теңгеден аса қаражат жұмсалды.

Биыл да серіктестік ауқымды бастамаларды қолға алмақ. Поляковка ауылындағы су тарату желілерін жөндеуге 7 млн теңге бағыттайды. Амангелді ауылындағы жолдардың күтіміне 1 млн теңге бөледі. «Поляковское» серіктестігінде еңбек ететін азаматтардың жалақысы биыл 50 пайызға артады. Яғни, еңбеккерлердің айлық табысы 255 мың теңге дейін көтеріледі. Бұл өзгерістер ауылдағы ағайынды қуантпай қоймады. Бірақ, халықты толғандыратын мәселелер әлі де бар.

Амангелді ауылында медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар жағынан қысылмаймыз. Бірақ, нысанды жөндеу керек. Бұл жоспарда бар ма?

Бізде интернеттің жылдамдығы нашар. Осы мәселе қалай шешіледі?

Ауылымызда жастар көп. Оларға арналған ойын-сауық орталығы салына ма?

Жергілікті билік ауылдағы бос тұрған жекеменшік мәдениет үйінің ғимаратын сатып алып, оны ойын-сауық орталығы ретінде қайта жаңғыртуға дайын. Ал интернет сапасын арттыру үшін мұнара қойылмақ. Облыста 2025 жылға дейін 50-ге жуық медпункт салынбақшы. Құмар Ақсақалов Амангелді ауылын да осы тізімге қоспақшы. Осы мақсатта аудандық әкімдік өкілдеріне тиісті құжаттарды әзірлеуді тапсырды. Осылайша алдағы уақытта мұнда су жаңа медициналық нысан пайда болуы мүмкін. Бұдан бөлек ауылдықтар жергілікті білім ошағының қайта қалыпқа келгенін қалайды. Бұл да назардан тыс қалмайды деді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Мектепті қалыпқа келтіруге арналған жобалық-сметалық құжаттама ұзақ әзірленіп жатыр. Құрылыс маусымын өткізіп алмау қажет. Біз 3 жыл ішінде облыста 64 мектепті жөндедік. Жаңғырту жұмыстарына бөлінетін қаржының көлемі қомақты. 100 млн теңгеге дейін жуықтайды. Биыл да бұл бағытқа көп қаражат бөлінеді.

Мектеп міндетті түрде жөндеуден өтеді. Биыл болмаса келесі жылы деді облыс әкімі. Осы орайда айта кетейік, былтыр Есіл ауданында 4 мектеп қалыпқа келтірілген. Биыл тағы 2 білім ошағы кезекте тұр.

Бердимурат Баймухан