Қалалық мәдениет үйінің апаттық күйдегі төбесі құлап түсті. Оқыс оқиға кеше кешке орын алды. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Айта кету қажет, бұл нысан өткен жылдың жазынан жабық тұр. Маусым айында ғимараттың концерт залындағы белдіктер қисайып, мамандар мен тәрбиеленушілерге қауіп төндірді. Сол себепті, мәдениет үйінің қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілді.
Ал түрлі үйірмелерге барып жүрген 500-ден астам бала басқа орталықтарға ауыстырылды. Жергілікті билік нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатты өткен жылдың соңында дайындап қойған екен. Жақында конкурсы басталған. Бұл жайлы журналистерге шаһар басшысының орынбасары Асқар Хабибулин баян етті. Атқамінердің сөзінше, шаруаның басталу уақыты әзірге белгісіз.
Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:
– Қазір конкурс өтіп жатыр. Наурыз айының ортасында аяқталады. Жөндеу жұмысына 108 млн теңге бағытталмақ. Жұмыстың қашан басталатыны және аяқталатыны, әзірге, белгісіз.
Байболат Култанов