Өңірде ана өлімін жасыру фактісіне қатысты тексеріс жұмыстары әлі де жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, осы аптаның басында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментінің мамандары Тайынша ауданының 35 жастағы тұрғыны Әйгерім Қазезованың өліміне қатысты жүргізілген тексерістің нәтижесін жариялады.
Комиссия қорытындысына сүйенсек, облыстық көпбейінді аурухананың дәрігерлері келіншектің көз жұмғанын жасырып қалған. Нақтырақ айтсақ, мамандар жер қойнына тапсырылған азаматшаның туыстарына 1 ай бойы оның қайтқандығы жайлы құжатын бермей, қағаз жүзінде Тайынша аудандық ауруханасында емдеген. Бұл заңбұзушылыққа 2 медициналық мекеменің 10-ға жуық қызметкері жол берген. Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов БАҚ өкілдерімен кездесіп, ведомство жанынан құрылған комиссияның жұмысы туралы баян етті.
Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Бұл іске қатысты медициналық ұйымдардың екеуінде де тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күні кеше ғана Тайынша аудандық ауруханасының директорына қатысты шешім қабылданды. Ол шығарылған тиісті бұйрыққа сәйкес, орнын босатты. Ал облыстық көпбейінді аурухананың әкімшілігіне қатысты шешім бір-екі күнде облыстық әкімдікпен бірлесіп қабылданады.
Дана Ешкенова