“Нендей жұмыс атқардыңдар, қандай жоспар бар”? Жиын бастала сала облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті агроқұрылым басшыларының халық үшін жасап жатқан шаруаларымен танысты. Мәселен, «Атамекен-Агро» серіктестігінің Жамбыл ауылдың округіндегі ауылдардың барлығында жері бар. Жалпы көлемі – 13 мың гектар. Ал аудан көлемінде иелік ететін танап 70 мың гектарға жуықтайды. Осындай үлкен аумаққа ие бола тұра агроқұрылым өкілдері былтыр елді мекендерге ауыз толтырып айтарлықтай жағдай жасамаған көрінеді.
Кентал Исламов, «Атамекен-Агро» АҚ басқарма төрағасы, Жамбыл ауданы:
– Жамбыл ауылдық округінде 900-ден аса пайшымыз бар. Жыл сайын оларды малға беретін жем-азықпен қамтамасыз етеміз. Жұмысшыларға көмір мен отын жеткізіп береміз. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мереке қарсаңында 50 мың теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, былтыр аз қамтылған 20 отбасының балаларына жаңажылдық сыйлықтар тарту еттік.
Бұл іс аздық етеді. Құмар Ақсақалов ауыл дамуы үшін нақты бастамаларды қолға алу қажет деді. Жыл сайын тұрғындардың алдында атқарған жұмысты қорытындылап, олардың арыз-өтініштерін тыңдап, жоспармен бөлісу керек.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Халықпен кездесіп, 2021 жылы атқарған жұмыстарыңыз жайлы есеп беріңіздер. Қанша өнім алып, қандай пайда көрдіңіздер? Мұның барлығын жұрт білуі тиіс. Бұл заңда бар. Яғни, сіздердің тікелей міндеттеріңіз. Ал Жамбыл ауылында ондай кездесулер мүлдем болмаған екен. Елді мекендерді дамытуға жыл сайын ат салысу қажет.
Алайда, бұл барлық жауапкершілікті диқандарға арту дегенді білдірмейді. “Ауылдарды гүлдендіру – әр азаматтың міндетті”,- деді облыс әкімі.
Шара барысында жергілікті тұрғындардан өтініштер түсті. Саян Адырақов пайшыларға бөлінетін жем-азық мөлшерінің аздығын айтты. Онымен қоса, еншіміз уақытылы берілмейді дейді. Өткен күзде мүлдем алмаған екен.
Саян Адырақов, Жамбыл ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Есіл ауданында пайдан бөлек, тұрғындарға ұн береді. Ал бізде не жем, не ұн жоқ. Қайсысына жеткіземіз сонда?
Агроқұрылым өкілі Кентал Исламов бұл мәселенің түйінін жақын арада шешуге сөз берді. Тұрғындарға бөлінетін пайдың мөлшері де артады. Осы орайда Құмар Ақсақалов аграрийге жұмысшылардың жалақысын жыл сайын өсіріп тұруды тапсырды. Айта кететін тағы бір мәселе, қазіргі күні Жамбыл ауылындағы мектеп жөндеуді талап етеді. Бұл жұмысты «Атамекен-Агро» серіктестігі қолға аламыз дейді. Биыл мамандар білім ошағын қалыпқа келтіріп, оқу құралдары мен компьютерлерді жаңартпақшы. Тұрғындардың үйіне су да кіргізіп береді. Бұған билік қолдау көрсетеді.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Су тарату желілерін салуға ақша бөлдік. Ал оларды үйге тартып алу үшін агроқұрылым басшылары сіздерге көмектесетін болады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Жамбыл ауылдық округіндегі мектептерде бала санын көбейту үшін елді мекендерге оңтүстіктен азаматтар көптеп көшіріледі. Сол себепті, ауылдарда жаңа баспаналар салынып, жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.
Бердимурат Баймухан