Денсаулық сақтау

Жарақат зардабын емдеу пунктіне биыл 2,5 мың адам жүгінген

Әдетте жылдың осы кезеңінде қол-аяқты сындыру, шығару жайттары көбейетін. Ал биыл қолайсыз ауа райынан орын алатын мұндай жағдайлар едәуір азайған. Дегенмен, ақхалаттыларға күнделікті жүгінетіндер баршылық. Мәселен, жыл басынан бері көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасының травматология пункті 2,5 мыңға тарта жанды қабылдапты.

Валерий Грибашов, көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасы травматология пунктінің меңгерушісі:

Қол-аяқтың, иықтың және жамбастың сынуы. Бізге тұрғындар осындай жағдайлармен жүгінеді. Оларға гипс тағып, белгілі бір уақыт бойы бақылауымызда ұстаймыз. Науқастың денсаулығы жақсы болса, үйіне жібереміз. Орташа есеппен бізге күніне 50 адамға дейін келеді. Дені – орта жастағы жандар.

Жеңіл жарақат алған жандар үйде ем-дом алса, ал ауыр зақымданған тұрғындар осы травматология бөліміне жіберіледі. Бүгінгі күні мұнда
105 орын болса, соның барлығы толық. Айта кету қажет, қазіргі таңда ауруханада Әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ота да жасалады.

Никос Леонов, көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі:

Жамбас, тізе буындарын ауыстырамыз. Орта есеппен жылына мұндай 150 ота жасалады. Ал үлкен буындарға 200-ге тарта операция істейміз. Биылдан бастап табанның деформациясы бойынша да ота жасалуда.

Мұндай отаның құны – 580 мың теңге. Бірақ, Әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы бұл операция тегін жасалады. Жалпы, көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасының травматология бөліміне күнделікті 10-12 адам жатқызылады екен.

Алдияр Айтпаев