МТРА жаңалықтары

Тасқынға дайындық жайы пысықталды

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекеттік органдар азаматтарды тасқыннан сақтап қалу мақсатында қажетті шаралар кешенін қабылдау қажет. Бүгінгі таңда ауыр техника дайын, жанар-жағармай және инертті материал бар. 2022 жылғы тасқынға барынша мұқият дайындалдық.

Дегенмен, әлі де әзірлік қажет. “Сәуірде сан соғып, мамырда етек-жеңімізді жинап әлек болмау үшін ат адымы ұзайтын ақпанда, қар көбесі сөгілетін наурызда күн-түн демей қамдану қажет”,- деді Құмар Ақсақалов. Үрейленетіндей себеп бар. Биыл да Солтүстік Қазақстан облысы тасқын қаупі жоғары аймақтардың арасында тұр.

Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:

– Өңірде ылғал қорының жиналу процесі жалғасып жатыр. Облыс аумағындағы қатқан жердің қалыңдығы 66 мен 151 сантиметрдің аралығын құрайды. Өткен жылдары да осындай дерек тіркелді. Бүгінде Сергеев су қоймасының толымдылығы 79,2% жетті. Аталған көрсеткіш былтырғы нормадан 10% төмен. Алайда, Сілеті өзенінде судың көтерілуі байқалады.

Ағайынды алаңдатып отырған да дәл осы – Сілеті өзені. Соңғы деректерге сүйенсек, биыл мұнда қар 25 пайызға көп. Ақ ұлпа күрт еріп, су арнадан асса Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл мен Қаратал ауылдарының тұрғындары тағы да екі аяқты бір етікке тықпақ. Сондықтан, дайындықты пысықтау қажет. Облыс әкімі Рамиль Камаловқа мынандай тапсырма берді.

Құмар Ақсақалов
, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Сілеті өзеніндегі жағдай көңіл көншітпейді. Қулыкөл мен Қаратал ауылдарына қауіп төніп тұр. Аталған елді мекендерге ауыр техниканы ертерек жіберу қажет. Тасқынға тас-түйін отырыңыздар!

Жалғыз Қулыкөл мен Қаратал емес, биыл 6 мыңнан астам адам тұратын өңірдегі 85 ауыл ерекше бақылауға алыныпты. Соның 13-ін қызыл су басу қаупі аса жоғары екен. Осы орайда ауа райы болжамымен бөлісейік. Алқалы жиында өңірдің бас синоптигі Қымбат Мерғалимова да төбе көрсетіп, баяндама жасады.

Қымбат Мерғалимова, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры
:

Наурызда орташа айлық температура -5-7 градус болады деп болжанып отыр. Бұл нормадан 1-2 градусқа жоғары. Көктемнің алғашқы айының басында өңір аумағында қысқы ауа райы сақталмақ. Ал екінші онкүндікте күн жылына бастайды. Айдың соңына таман тіпті, сынап бағанасындағы көрсеткіш күндіз +9-ға жетпек.

Аудандар ғана емес, облыс орталығы да тасқынға дайын болу қажет. Алайда, Петропавлда тиісті шаруа сылбыр жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бірқатар мәселені тілге тиек етті. Соның ішінде қар шығару да бар.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Қаланың орталығында қар шығарылады, ал шет жағында тиісті шаруа жөнді атқарылмайды. Тіпті, кейбір жерлерде жұмыс басталмаған. Жаңадан асфальт төселген аулаларда да көп ақ ұлпа жатыр. Жауапты тұлғаларды жедел арада іске кірісуге шақырамын! Қар неғұрлым ұзақ жатса, соғұрлым асфальтты бүлдіреді. Сосын 1 камаз қар шығарылса, оны 2 камаз деп жазу болмасын. Қыруар қаржы бөлініп жатыр. Іс әділ түрде атқарылуы қажет. Сәтжан Әйтенұлы, мәселені бақылауға алыңыз!

Арықтар, суағарлар және нысандардың төбесі де ұмыт қалмауы қажет. Алғашқылары уақытында тазаланып, соңғысындағы ақ ұлпа көп кешікпей жерге түсірілуі қажет. Әйтпесе, әжептәуір ауырлық тудыратын сулы қар шатырға зақым келтіруі мүмкін. Әкімдік отырысында Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін солтүстікқазақстандықтарға да жүгінді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Тасқынның алдын алу кезеңінде агроқұрылым басшыларынан жөнделген жолға ауыр техниканы шығармауды сұраймын! Өкінішке қарай, біз жаңадан төселген асфальттың үстімен “К-700” сынды көліктердің әрлі-берлі ағылғанын көріп жүрміз. Бұл – өрескел заңбұзушылық. Бұған шектеу қою қажет. Аудан, ауылдық округ әкімдері мен серіктестік директорлары, мәселені бақылауға алыңыздар!

Қауырт маусымда қар тоқтату, алқаптарды қарайту, мұз жару жұмыстары да маңызды рөл атқарады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудан басшылары мен құтқарушылар осы істерге ерекше мән беруі қажет. Тәртіп сақшылары да тер төгу керек. Мамандар халықпен ұдайы қарым-қатынаста болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгендері жөн.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

2019 жылы Қаратал ауылының тұрғындарына тасқынның таяп қалғанын, төрт түлікті іргедегі Қулыкөлге жеткізу жайлы хабарладық. Мамандар алдын ала үйлерді аралады. Бірақ, бұл ескертуді кейбір жандар құлаққа ілмеді. Салдарынан адамдар тікұшақпен тасымалданды. Ал мал елді мекенде қалды. Биыл мұндайға жол бермеу қажет. Полицейлер халықпен кездесіп, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізулері тиіс.

Облыстық әкімдік отырысында көтерілген екінші мәселе – өңірдегі эпидахуал мен тұрғындарды вакциналау. Аймақта жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Дегенмен, Қызылжар ауданы мен облыс орталығында иммундалған халықтың саны өзгелерден біршама төмен. Өңір жетекшісі денсаулық сақтау саласы өкілдеріне бұл мәселені күн тәртібінен түсірмеуді тапсырды. Осы орайда облыстық санитариЯлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың тұрғындарға айтары бар.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

“Pfizer” екпесін бұрындары 60 жастан асқан адамдар алса, бүгінге көрсеткіш 50 жасқа төмендеді және мүмкіндігі шектеулі жандар да осы вакцинаны ала алады. Тағы бір өзгеріс, азамат аталған өнімнің бірінші дозасын шет елде алса, екіншісін елімізде алуына болады.

Сұхбат барысында спикерден “алдағы уақытта карантин одан әрі жеңілдеуі мүмкін бе?” деп сұрадық. Департамент басшысының сөзінше, барлығы өз қолымызда. “Егер вакцинацияға қарқын қосылса, адамдар қоғамдық орындарда маска тағып, арақашықтықты сақтаса, қалыпты өмір салтына ораламыз”,- дейді Әсет Жұматаев.

Байболат Култанов