МТРА жаңалықтары

Петропавлда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі жалғасуда

Жәрмеңкеде сапалы әрі ыңғайлы аяқ киім сатып аламын дейтіндердің қатары қалың. Бәрі мүмкіндікті пайдаланып, бір емес бірнеше жұп тауар алуда. Соның бірі – Күлән Сыздықова. Нәзікжанды осы жерден өзіне ұнайтын 2 бірдей етік тауыпты.

Күлән Сыздықова, қала тұрғыны:

– Кеше теледидардан Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатқанын көріп, өзіме осы жерден тауар сатып алуға келдім. Олардың сапасы әрдайым жоғары. Сондықтан, 2 бірдей аяқ киім сатып алдым. Біреуі – қысқы, екіншісі – көктемгі”.

Ал Ольга Коплик өзіне қажетті тауарды әлі тауып үлгермепті. Сөзінше, оның аяғына қарапайым дүкендерден етік таңдау қиынның-қиыны. Аяқтың жалпақтығынан әрі бақай сүйегінің шығыңқылығынан етіктің бәрі бірдей келе бермейді.

Ольга Коплик, қала тұрғыны:

– Етіктің мына үлгісі менің аяғыма жақсы келеді деп ойлаймын. Аяқ киімдердің сапасы көңілімнен шықты. Оған қоса бағасы да қалта қақпайды.

Жәрмеңкеде кез келген адамның талғамынан шығатын түрлі түсті, ұзынды-қысқалы аяқ киім табуға болады. Тауардың барлығы сапалы материалдан тігілген әрі ыңғайлы етіп әзірленген. Мысалы, мына өнім таза былғарыдан жасалыпты. Құны небәрі – 25 мың 500 теңге. Аяқ киімді беларусьтік “In step” компаниясы шығарған.

Жалпы, бір аптаның ішінде теріскейліктер 600 жұптан астам Беларусь аяқ киімін сатып алған. Сондықтан, алдағы жұма күні жәрмеңкеге тағы тауар келіп түспек. Ассортименттің көбі – көктемгі аяқ киім.

Диана Широва, сату жөніндегі менеджер, БР:

– Петропавлдықтарды аяқ киімдер жәрмеңкесіне шақырамыз. Тауардың барлығы таза былғарыдан тігілген. Оған қоса өнімнің басым бөлігі ортопедиялық. Ақпанның 25-і күні біз 400 жұп аяқ киім қабылдаймыз. Етіктердің ең арзаны – 3 жарым мың теңге, ал ең қымбаты 33 мың теңге тұрады.

Тұрғындар қажетті тауарды Уәлиханов көшесі, 15/1 мекенжайы бойынша таба алады. Жәрмеңке таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Айта кетейік, Беларусь аяқ-киімдерінің сатылымы ақпанның 27-сіне дейін жалғаспақ. Шетелдік меймандар Петропавлға сәуір айында тағы келуді жоспарлап отыр. Онда негізінен жазғы аяқ киімдер саудаланбақ.

Дана Ешкенова