Мархабат Әлиева кезекті науқастың жүрек-қантамырлар жүйесінің диагностикасын жүргізуде. Жақында ғана алынған УЗИ аппараты өзінің ерекше дәлдігімен белгілі екен. Тіпті, жүрек пен қан тамырларындағы кішкентай ақауды осы құралдың көмегімен анықтауға болады. Яғни, науқасқа нақты диагноз қоюға септеседі.
Мархабат Әлиева, облыстық көпбейінді аурухананың функционалдық диагностика дәрігері:
– Адамның қан тамырлары мен жүрегі өзі биологиялық өлшемдерін көрсетеді. Ол ақпарат нақты болғандықтан керек тағайындаулар жасаймыз. Егер тамырлардың бітелуі анықталса, онда біз оны тар мамандарға не ота қажет пе соны айтамыз.
Осыған дейін ақ халаттылар 2000 жылы шығарылған аппаратпен жұмыс істеп келген екен. Сол кезде науқастарды қабылдау уақыты да ұзаққа созылыпты. Ал жаңа құрылғының арқасында УЗИ-диагностика жасауға жарты сағат жеткілікті. 12 жылдық тәжірибесі бар маман осындай құрылғылардың көмегімен инсульт және инфаркт сынды дерттердің алдын алуға болады дейді.
Мархабат Әлиева, облыстық көпбейінді аурухананың функционалдық диагностика дәрігері:
– Жүрек, бас, ми, қан тамырларының зерттеулерінің арқасында инфаркт, инсульттің алдын алуға болады. Бұл сәулелік диагностиканың инвазивті әдісіне жатпайды. Науқастың арнайы дайындығын қажет етпейді. Қолайсыз жағдай тудырмайды. Күніне 20-30 науқасты қабылдаймыз.
Тексеруден өтуге Бескөл ауылының тұрғыны Қағира Дәуенова да келіпті. Денсаулығы сыр берген зейнеткерге медициналық сақтандыру аясында тегін қызмет көрсетілді.
Қағира Дәуенова:
– Қан қысымым жоғарылап төмендей береді. Сосын мен өзіміздің Қызылжар аудандық ауруханасына бардым. Содан маған тексеру өту керек болды. Осы кабинетке маған жолдама берді. Зейнеткер санатында болғандықтан маған барлық сараптамалар тегін көрсетіледі.
Айта кетейік, жекеменшік емдеу мекемелерінде УЗИ құны 3 жарым мың теңгеден басталады екен. Ал медициналық сақтандыруы бар жандарға бұл жерде қызмет тегін көрсетіледі. Ол үшін өздері тіркелген емханадан жолдама алып келсе болғаны. Тексеруге 63-01-09 телефоны арқылы жазылуға болады.
Магжан Ахмадина