Денсаулық сақтау

СҚО-да ана өлімі жасырылған

Облыста ана өлімін жасыру фактісі расталды. Тамыз айында өңірде бүкіл Қазақстанды дүрліктірген оқиға орын алды. Жүктіліктің 36-шы аптасында Әйгерім Қазезова есімді нәзікжанды Тайынша аудандық ауруханасына сақтауға жатқызылады. Дәрігерлердің бақылауынан кейін келіншек үйіне шығарылады. Алайда, көп уақыт өтпей мамандардың көмегіне қайта жүгінеді. Аудандық ақ халаттылар оны көпсалалы облыстық ауруханаға жібереді. Мұнда пациенттен ПТР-тест алынып, коронавирус жұқтырғаны анықталады.

Осы себепті медицина қызметкерлері кесір тілігі арқылы босандырады. Баланы дүниеге әкелгеннен кейін жас ананың жағдайы күрт ушығады. Салдарынан тамыздың 22-сі күні 34 жастағы Әйгерім Қазезова қайтыс болады. Ал марқұмның денесі Тайынша ауданына бір күннен кейін жіберіледі. Күмән тудыратын жайт, бақилық болған жанның көз жұмғандығы жайлы құжат тек бір айдан кейін толтырылады. “Дәрігерлер осылайша ана өлімін жасырып қалғылары келген”,- дейді медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментінің басшысы
Дархан Тұрлыбеков.

Дархан Тұрлыбеков, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

Біздің департаментпен облыстың екі медициналық мекемесінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Ол – көпсалалы облыстық аурухана мен Тайынша аудандық ауруханасы. Комиссияға мүше болып республикалық медициналық ұйымдардан және “Астана” медициналық университетінен адамдар келді. Комиссия қорытындысы бойынша ана өлімінің жасыру фактісі анықталды. Ана өлімі облыстық көпсалалы ауруханада орын алды. Комиссия актілердің көшірмелерін облыстық Полиция департаментіне, Антикор орталығына, денсаулық сақтау басқармасына берді. Енді әр мекеме өзінің құзіреті бойынша процессуалдық шешім қабылдайды деген үміттеміз.

Бердимурат Баймухан