МТРА жаңалықтары

Петропавлда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі жалғасуда

Жәрмеңкеде Беларусь аяқ киімін сатып аламын дейтіндер жетерлік. Соның бірі – Владимир Пуговкин. Ер адам өзіне қысқы бәтеңке іздестіріп жүр. “Тауарды сатып алмас бұрын, оның сапасы мен ыңғайлылығына аса мән беру керек”,- дейді азамат.

Владимир Пуговкин, қала тұрғыны:

– Петропавлда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатқаны жайлы теледидардан көрдім. Бүгін осында келіп, өзіме жылы әрі ыңғайлы бәтеңке сатып алдым. Жалпы, маған ыңғайлы аяқ киім таңдау өте қиын. Себебі, бақай сүйегім шығып кеткен, оған қоса аяғымның бау байлайтын тұсы биік. Енді осы жерден анама сапалы аяқ киім алып бермекшімін.

Ал Ботагөз Қуанышева аяқ киім сатып алу үшін жанұясымен бірге Бескөл ауылынан арнайы келген. Нәзікжанды шетелдік тауармен бұрыннан таныс екен. Ол Беларусь өнімдері өте сапалы әрі ұзақ уақытқа шыдас береді дейді.

Ботагөз Қуанышева, Бескөл ауылының тұрғыны:

Мұнда ассортимент жетерлік. Ер адамдарға, әйел адамдарға да таңдау бар. Өзім осындай ортопедиялық аяқ-киім сатып алдым. Таза былғарыдан жасалған.

Жәрмеңкеде кез келген адамның талғамынан шығатын түрлі түсті, ұзынды-қысқалы аяқ киім табуға болады. Тауардың барлығы сапалы материалдан тігілген әрі ыңғайлы етіп әзірленген.

Елизавета Паливцева, сату жөніндегі менеджер, БР:

Көрмеге мыңнан астам ерлер мен әйелдердің аяқ киімі қойылған. Әрқайсысының үлгісі әр түрлі. Тауардың басым бөлігі ортопедиялық. Етіктердің ең төменгі бағасы – 3,5 мың теңге. Ал ең қымбаты 33 мың теңге тұрады. Әйелдерге арналған аяқ киімнің өлшемі 35-тен 46-ға дейін, ал ерлер үшін 40-тан 49-ға дейін бар.

Менеджердің сөзінше, бір аптаның ішінде олар петропавлдықтарға 500 жұптан астам аяқ-киім сатқан. Тұрғындар енді қажетті тауарды Уәлиханов көшесі, 15/1 мекенжайы бойынша таба алады. Жәрмеңке таңғы 10-нан кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істемек. Айта кетейік, шаһарда Беларусь аяқ-киімдерінің сатылымы ақпанның 27-сіне дейін жалғаспақ.

Дана Ешкенова