Қылмыс

Ішімдікке салынған 37 жастағы әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін

Петропавлда ішімдікке салынған әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Жуырда полиция қызметкерлеріне Қапай ықшам ауданындағы жеке үйлердің бірінде жеті жасар қыз бен үш айлық ұлдың қараусыз қалғаны туралы хабар келіп түскен.

Құқыққорғаушылар оқиға орнына барып, жағдаймен танысады. Мамандарды ащы суға сылқия тойып алған 37 жастағы нәзікжанды қарсы алады. Оның балаларына қарайтын шамасы да болмапты. Ұл мен қыз бірден облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жіберілген. Айта кету қажет, бұған дейін де осындай қылықтарымен көзге түскен безбүйрек ана полиция есебінде тұрған.

Зарима Жакина, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімінің инспекторы:

Ол азаматша жолдасымен бірге тұрмайды. Екеуі бөлек тұрады.Қазіргі таңда азаматшаны ата-ана құқығынан айыру туралы материал жиналып жатыр. Ата-ана құқығынан айырылған жағдайда балалары балалар үйіне өткізіледі. Балаларды емхана дәрігерлері тексерді, жағдайлары жақсы, қазіргі таңда балалар сол емханада жатыр.

Бердимурат Баймухан