Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында грант беру шарты өзгерді

Былтыр облыста «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 922 адам кәсіпкерлік курсынан өткен. Олардың ішінде 400-ден аса адам 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алса, 300-і жеңілдетілген пайызбен несие рәсімдеген. Қазіргі күні осы аталған азаматтардың барлығы жеке ісін ашып өздерін де, өзгені де екі қолға бір күрекпен қамтып отыр. Мамандардың айтуынша биылдан бастап мемлекеттік бағдарлама «Ұлттық жоба»-ға айналады. Оның аясында мемлекеттік қолдауға белгілі бір санаттағы жандар ғана ие бола алады.

Әсел Самаратова, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Былтыр «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында курстан өткен кез келген жан мемлекеттік грантқа үміткер бола алатын. Биыл барлығы өзгереді. Енді қайтарымсыз қаражат әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен 29 жасқа дейінгі тұрғындарға ғана беріледі.

Айта кетейік, әлеуметтік осал топқа көпбалалы аналар, оралмандар, аз қамтылған отбасылар мен мүгедек жандар жатады. Тағы бір ескеретін жайт, биылдан бастап грант мөлшері 200 АЕК-тен 400-ге дейін көтеріледі. Яғни, кәсіпкерлікті меңгерген жандарға 1 млн 225 мың теңге беріледі. Бұл қайтарымсыз қаржыны 30-ға толмаған жастар да ала алады. Ал бизнес ашқысы келген өзге адамдарға «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымынан төмендетілген несие беріледі.

Тимур Ысқақов, «Атамекен Қызылжар» МҚҰ» ЖШС заңгері:

Биылдан бастап біздің ұйымда микрокредиттеу мөлшері өзгерді. Яғни, қаладағы кәсіпкерлерге – 19 млн 900 мың теңге, ал ауылдағы ағайынға 8 млн теңгеге жуық ақша беріледі. Микроқаржы ұйымынан несие алу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қою қажет. Сонымен қатар, өтініш беруші адам міндетті түрді «Бастау Бизнес» курсының түлегі болуы тиіс.

Биыл «Бастау Бизнес» ұлттық жобасы бойынша оқыту курстары наурыз айында басталады деп жоспарланып отыр. Кәсіпкерлікке баулу процесі онлайн форматта 6 лек бойынша күзге дейін жалғасады. Бизнес ашуға ниет танытқан тұрғындар өтінішті халықты жұмыспен қамту орталығына барып бере алады.

Бердимурат Баймухан