Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ға Парламент Мәжілісінің депутаттары келді

Мәжіліс депутаттарының жұмыс жоспары ауқымды. Ерлік Тайжановтың алдында жатқан қара портфельдің ішінде Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 5 жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан мәселелер жазылған парақтар мен құжаттар жиналған. Солардың бірқатары – балабақшадағы орын тапшылығы, тұрғындарды таза ауызсумен қамту және жолдың сапасы секілді түйткілдер.

Ерлік Тайжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Былтыр шілде айында Айыртау ауданында болдық. Сол кезде сайлаушыларымыз Ресейге шығаратын М-51 трассасының жағдайы туралы айтты. Біз жақында сол жаққа барып, атқарылып жатқан жұмыстарды тексереміз.

Шара барысында депутаттар жергілікті халық қалаулыларынан облыстағы күрмеуі күрделі мәселелерді сұрады. Серік Ыбыраев төменгі палата өкілдерінен электр энергиясына қатысты мәселені шешіп беруді сұрайды. Айтуынша Ғабит Мүсірепов ауданындағы елді мекендерде жарық жиі үзіліп тұрады екен.

Серік Ыбыраев, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Біздің ауданда 6 үлкен ауыл бар. Әрқайсысы бір-бірінен 50 км қашықтықта орналасқан. Ол жақта қазір 3-ақ электр монтері жұмыс істеп жатыр. Мамандар барлық елді мекенге қызмет көрсетіп үлгере алмайды. Сәл жел соқса жарық өшіп қалады. Трансформаторлар 70-ші жылы орнатылғаннан бері жөндеу көрмеді. Осы мәселені қалай шешуге болады?

Жиында бұдан өзге ауылшаруашылығы техникасының қымбаттылығы, субсидияның аздығы және сапалы ауызсу тапшылығы мәселелері көтерілді.

Ерлік Тайжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл сұрақтарды облыстық әкімдіктің деңгейінде талқылау қажет. Біз оны өз бақылауымызға аламыз. Жол мәселесі жайлы сауалдарды министрлікке жолдаймыз. Сонымен қатар, Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жергілікті елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстарды тексереміз. Жөндеуден өткен мектептерді көреміз.

Осы орайда айта кеткен жөн, алдағы 10 күн ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттары облыстағы ауылдарды аралап, халықпен кездеседі. Халық қалаулылары ағайынның көкейіндегі сұрақтарды шешудің жолдарын қарастырады.

Бердимурат Баймухан