Полицейлер кезекті профилактикалық іс-шараны қолға алды. Бұл жолы мамандар көлік жүргізушілерін құлақтандыруда. Тәртіп сақшылары темір тұлпар тізгіндеген жандарға интернет-алаяқтық туралы жаднама қағаздарын таратып, барынша мұқият болуға шақыруда. Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында 50-ден астам адам сан соғып қалған. 22 жағдайда пысықайлар арам ойларын банк қызметкері атын жамылып жүзеге асырған. Қулығына құрық бойламайтын алаяқтар үнемі алдаудың жаңа әдістерін қолданады екен. Көп жағдайда олар басқа қалада немесе, тіпті, өзге елде отырып хабарласуы мүмкін.
Жеңісгүл Бейсембина, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:
– Бүгінгі күні Петропавл қаласы аумағында интернет-алаяқтықтың көбеюіне байланысты қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен интернет-алаяқтықтан сақ болу тақырыбына байланысты тексеріс жұмыстарына шықтық. Себебі, қазіргі таңда интернет-алаяқтық фактілері кең таралды және көптеген қала тұрғындары соның құрбаны болып қалғандығын байқамай жатыр.
Алдияр Айтпаев