Білім

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі “жоғары” статусын иеленді

Мария Задорожная – болашақ құрылысшы. 19 жастағы нәзікжанды сапалы, жылы баспана салуға өз үлесін қосуды бұрыннан армандапты. Сондықтан, 3 жыл бұрын жергілікті колледжге оқуға түскен. Шамамен 6 айдан соң қолына дипломын алып, алғашқы еңбек жолын бастамақ. Қазір ұстазды мұқият тыңдап, бар білімін іс жүзінде қолдануда.

Мария Задорожная, Петропавл жоғары құрылысэкономикалық колледжінің студенті:

Мамандығым өзіме ұнайды. Біз бірнеше мәрте құрылыс компанияларында тәжірибеден өттік. Оқуды бітіргенде жұмысқа тұру қиынға соғады деп ойламаймын. Құрылысшытехникке деген сұраныс бүгінде өте жоғары. Болашақта жеке кәсібімді ашу ойда бар.

Колледжде кәсібилігі жоғары, шебер қызметкерлерді дайындауға көп көңіл бөлінеді. Сондықтан, мамандықтың қыр-сырын меңгеру үшін мұнда дуалды білім беру формасы енгізілген. Студенттер оқу уақытының 40 пайызын аудиторияда лекция тыңдаумен өткізсе, қалған 60 процентінде практикаға ден қояды. Тиімділігі сол – тәжірибе еңбек өтілі ретінде саналады.

Болашақта өңірге газ тартылса, салаға қажетті шеберлер сақадай-сай дайын тұрмақ. Екі жыл бұрын колледж қабырғасында газ қондырғыларын қолдану мен жөндеу бойынша темір ұстасы мамандығы ашылды. Бүгінде 1-ші және 2-ші курста жалпы саны 50 студент білім алуда. Қыз-жігіттерді оқыту үшін арнайы заманауи құрылғылар мен аппараттар сатып алыныпты. Аталған мақсатқа қаражат «Жас маман» бағдарламасы аясында бағытталған. Республикалық жоба бойынша 2020 жылы білім ордасына 320 млн теңге құйылды.

Жазира Асаинова, Петропавл жоғары құрылысэкономикалық колледжі директорының орынбасары:

Қомақты қаржыға колледж озық технологиялармен қамтылды. Атап айтар болсақ, материалдық-техникалық базаны 3D зертханамен, гидравлика зертханасымен толықтырдық. Сондай-ақ, сантехника кабинеті жарақталып, дәнекерлеуші үстелдер орнатылды. Одан бөлек те бірқатар қажетті қондырғылар мен виртуалды оқыту кешендері сатып алынды. Бұның барлығы студенттердің мамандықты терең меңгеріп, дайын шебер болып шығуына септесуде.

Былтыр білім ордасында “Ғимараттар мен құрылымдарды салу және қолдану” мен «есеп және аудит» мамандығы ашылған. Екеуінің де лицензиясы – қолданбалы бакалавриат. Нәтижесінде Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі «жоғары» деген статусқа ие болып отыр. Осылайша ел Президенті жүктеген міндетті орындауда. Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың 11-індегі жолдауында гуманитарлық бағыттың дәуірі өткенін айтты. Енді өнеркәсіп пен инженерлік салаға қажет мамандарды даярлайтын уақыт келді.

Ағыбай Қошымбаев, Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің директоры:

– Біздің колледждің тарихы тереңде. Білім ордасы сонау 1932 жылы ашылды. Ол кезде жастарды 2 мамандық бойынша ғана дайындайтын еді. Қазір экономикалық бағыттан бөлек, құрылыс саласына қажет түрлі шеберлер бізден түлеп ұшады. Қыз-жігіттердің 80 пайызы қолдарына диплом алғаннан кейін бірден екі қолға бір күрекпен қамтылуда.

Жалпы, Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде студенттер 9 мамандық және 16 квалификация бойынша білім алуда.

Эльмира Садвокасова