МТРА жаңалықтары

СҚО-да биыл есірткі бизнесіне қатысты 25 факті тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында 500-ден астам адам наркологиялық есепте тұр. Оның 42-сі – нәзіжандылар, ал 3-еуі – кәмелетке толмаған балалар. Синтетикалық есірткі жасөспірімдердің қолдарына әлеуметтік желі арқылы түскен. Өткен жылы тәртіп сақшылары есірткі сатқан 30 интернет парақшасын анықтап, барлығын бұғаттаған.

Жандос Басыбаев, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Жалпы, өткен жылы облыс бойынша есірткіге қатысты 200-ге жуық факті тіркелді. Оның 59-ы зиянды дүниелерді сатуға қатысты. Заңсыз айналымнан алынған есірткі мен психотроптық заттардың көлемі 410 келіні құрайды.

Сондай-ақ, облыста есірткі жасайтын 8 бірдей зертхана әшкере болған. Оның 4-еуінде синтетикалық заттар әзірленген.

Жандос Басыбаев, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Біз өткен жылы “Тұз” атты синтетикалық есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыптыны құрықтадық. Тексеріс барысында олардың Жамбыл ауданына қарысты Миролюбово ауылында есірткі зертханасын құрғаны анықталды. Отбасылық жұп ойларын жүзеге асыру үшін аталған елді мекеннен үй де сатып алыпты. Селода шығарылған зиянды өнім Петропавлда сатылып отырған. Сауданы әлгі ерлі-зайыптының көмекшілері жүргізген. Олардың негізгі сатып алушылары жасөспірімдер болған.

Жүргізілген арнайы операцияның қорытындысы бойынша жергілікті тәртіп сақшылары сол зертханадан 3 келіден астам синтетикалық есірткі тәркілеген. Бұл шамамен бірреттік 50 мың доза болып саналады. Қылмыстың өтеуі – жаза. Көлденең жолмен көк тиын тапқандардың барлығы сотталды. Әрқайсысы кемінде 10 жылға темір торға тоғытылған.

Жандос Басыбаев, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Өткен жылы есірткі таратумен айналысатын адамдар үшін жаза қатаңдатылды. Бүгінгі таңда зиянды затты сатумен айналысатындар 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Былтыр өңірімізде қылмыстық жауапкершілікке 120 адам тартылды. Оның 42-сі – 16 мен 25 жас аралығындағы жандар.

Былтыр өңірде есірткіні шамадан тыс мөлшерде қолданудың да 3 бірдей жайты тіркеліпті. Нашақорлардың өмірін дәрігерлер құтқарып қалған екен. Бүгінде тәртіп сақшылары есірті бизнесіне қатысты түрлі қылмыстардың алдын алу үшін жастар арасында ауқымды жұмыс жүргізуде.

Дана Ешкенова