Спорт

Өңір шорт-трекшілері ел біріншілігінде сәтті өнер көрсетті

Өскемендегі сайыстан келген жеткіншектер қазір қызу дайындыққа қайта кірісіп кеткен. Алда бірнеше жарыс тұр.

Кирилл Абишев – облыстың үздік жас шорт-трекшілердің бірі. Мұны жеткіншек жақында Өскеменде өткен жарыста тағы бір мәрте дәлелдеді. Ел біріншілігінде спортшы 4 қашықтықта жүгіріп соның барлығында да жүлде еншілеген екен.

Кирилл Абишев, шорт-тректен ел біріншілігінің жүлдегері:

– 333 метр қашықтықта бірінші орын жеңіп алдым. 500 метрде – екінші және суперфинал мен 777 метрде үздік үштікке іліндім. Эстафетада сайысында да 2-ші орын алдым. Жарысқа көп дайындалдым. Дода алдында Рудный қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына қатыстық.

Злата Завгородняя да Шығыс Қазақстан облысында сәтті өнер көрсетті. Төккен тердің арқасында спортшы өңірімізге 1 алтын және 3 күміс медалмен оралды.

Злата Завгородняя, шорт-тректен ел біріншілігінің жүлдегері:

– Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Бар күш-жігерді салу қажет екендігін түсіндім. Негізі, жарысқа дайындық барысында бірнеше жаттығуды өткізіп алдым. Десе де жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Мұнымен тоқтамаймын.

Жалпы, бұл сайысқа 9 облыстан 130-дан астам жеткіншек жиналыпты. Ал өңірімізден 15 спортшы барған екен. Нәтижесі көңіл қуантады. Қоржында – 2 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль.

Федор Андреев, шорт-тректен облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– 14 жасқа дейінгі балалар арасында өткен ел біріншілігінде жақсы өнер көрсеттік. Жекелей сында да, эстафетада да ұл-қыздар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Командамыз жас болса да өзге облыс өкілдеріне лайықты қарсылық танытты. Сондай-ақ, бұл жарыста 3 жасөспірім “Спорт шеберіне үміткер” нормативін орындады. Бұған дейін бізде мұндай дәрежедегі 4 спортшы ғана болған еді.

Қазіргі таңда спортшылардың бір бөлігі Шымкент қаласында өтетін ел біріншілігіне дайындалуда. Аталған жарыс ақпанның 19-ы күні басталмақ. Өңірімізден бұл додаға 15 спортшы аттанбақ. Айта кету қажет, қазіргі таңда Петропавлдағы спорт сарайында 120-дан астам ұл-қыз шорт-трекпен айналысады.

Алдияр Айтпаев