Денсаулық сақтау

Петропавлдағы кардиологиялық блокта жүрекке бірегей ота жасалды

Нафиса Уразбахтинаның жасы 72-ден асқан. Қарияның жүрек қақпағын ауыстыру қажет. Оны әдеттегідей, яғни кеудені ашу арқылы жасауға болмайды. Нәзікжандының денсаулығы мұндай ауыр отаға шыдас бермеуі мүмкін. Сондықтан, егде жастағы жерлесіміздің жүрек клапаны бірегей операция көмегімен алмастырылмақ.

Егде жастағы қарияға аорталық клапан орнатылады. Мұндай операция Қазақстан аумағында тұңғыш рет өткізілуде. Себебі, жасанды қақпақ бұрынғыдай синтетикалық материалдан емес, бұқаның перикардынан әзірленген. Бұл клапанның организмге тезірек бейімделіп, науқастың аяққа жылдам тұруына септеседі екен.

Мақсат Құдратуллаев, облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық блогының жетекшісі:

-Клапан жануардың перикардынан жасалғанынан бөлек, тағы пермафлоу деген функциясы бар. Ол аорталық позицияға қойған кезде, біз асықпай клапанды керек жерге орналастыра аламыз. Себебі, ол өзі арқылы қан өткізеді, яғни организмдегі қан айналымын тоқтатпайды. Сол үшін асықпай клапанды қажетті позицияға келтіре аламыз. Мұнда 1 мм-ге де қателесуге болмайды. Әйтпесе, барлық операциямыз зая кетуі мүмкін.

Жүрекке операция жамбас артериясы арқылы өткізіледі. Яғни, кеудені ашу қажеттілігі туындамайды. Хирургтер шат аумағында кішігірім тілім жасап, жасанды клапан енгізеді. Оның барысын мына видеодан байқауға болады. Бірегей отаға қазір жергілікті 3 кардиологтан бөлек, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Семей, Өскемен мен Орал қалаларының дәрігерлері қатысуда. Аорталық қақпаны орнатуды мамандарға Швейцария, Германия мен Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы клиникаларының хирургтері үйретуде.

Кейт Дж Олдройд, медицина ғылымдарының докторы, Biosensors International бас медициналық маманы, Ұлыбритания:

– Мен мұндай операцияны 5 жыл бойы өткізіп келемін. Өз басым 500-ден аса сәтті ота жасадым. Бүгін жергілікті мамандармен бірлесіп жасанды клапан орнаттық. Кардиохирургтер мен жалпы команданың дайындығы, материалық-техникалық базасы көңіл қуантады.

Бірақ, күрделі операцияны жасау үшін кардиологиялық блокқа ЭКГ аппаратымен үйлестірілген компьютерлік томограф керек дейді ұлыбританиялық профессор. Бұл -науқастарды отаға іріктеп, әрмен қарай жағдайын бақылау үшін маңызды екен.

Азамат Мағзұмов, облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық блогының директоры:

-Жылына мұндай 50-60 ота жасауды жоспарлап отырмыз. Тиімділігі – адам көп қан жоғалтпайды. Наркоз жасалмайды. Жүрекке аппарат қосылмайды. Ашу арқылы жасағанда 4-5 сағат, кейде 3 сағат уақыт кететін. Мына отаны шетелде 40 минуттың ішінде жасайды. Біздің хирургтер үйренгенше 1-1,5 сағат жасайтын болады.

Жалпы, бірегей операцияның бағасы 6,5 млн теңгені құрайды. Бірақ, қымбат ота қазақстандықтар үшін тегін жасалмақ. Оның құны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында өтелмек. Алдағы уақытта операция елімізде, оның ішінде теріскейде өткізілетін болады. Алғашқысы сәтті өтті.

Мақсат Құдратуллаев, облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық блогының жетекшісі:

– Бүгінгі отамыз бірінші ота болғандықтан, сәл күрделі болды. Себебі, науқастың денсаулығы сыр берді. Бірақ, шетелден келген, елордадан келген әріптестерімізбен бірігіп, науқастың жағдайын қалыпты режимге келтірдік. Қазір науқас жансақтау бөліміне бақылауға ауыстыралады. Кейін палатаға көшіреміз.

Шеберлік сағаттары аясында бірегей аорталық клапан 3 адамның жүрегіне орнатылмақ. Барлық операциялар тегін жүргізілуде.

Эльмира Садвокасова