Заман ағымымен бірге біздің күнделікті қолданып жүрген техникаларымыз дамып келеді. Қазіргі күні үйдегі жарықшамдар, ауа температурасы, бейнекамералар мен шаңсорғыштан тартып шай қайнататын шәйнектің өзін қашықтықтан басқаруға болады. Мұның барлығын, әрине, жоғары жылдамдықты интернетсіз іске асыру мүмкін емес. Бұл – өз алдына бір тақырып. Облыстық әкімдікте қаралған алғашқы мәселе – егістік алқаптарындағы интернеттің қолжетімділігі. Себебі, қазіргі күні аграрийлер қолданып жүрген комбайн мен тракторлар да қашықтықтан басқарылады екен.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінде ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қолданып жүрген технологиялардың көбісі жоғары жылдамдықты интернетті талап етеді. Шетелдік комбайн мен тракторлардың есептік мәліметтерін кеңседе отырып бақылауға болады. Яғни, бұрынғыдай көліктің қасына барып тексерудің қажеті жоқ. Техникаға қанша жағармай керек, қай жерінде ақау орын алғаны жайлы ақпаратты қашықтықтан көре береміз.
Осы орайда аймақ басшысы жиынға келген жергілікті мобильді операторлар мен интернет провайдер өкілдерінен мәселені шешудің жолдарын сұрады. Түрлі ұсыныстар айтылды. Мәселен, «Қазақтелеком» компаниясының өкілдері «біз желілік интернет тартумен айналысамыз, егістік алқаптары ауылдардан алыс орналасқан, бұған мобильді операторлар жауап беруі тиіс» – дейді. Халықты ұялы байланыспен қамтушы компаниялардың өкілдері бұл жобаны жүзеге асыруға қатысты өз қауқарларын баян етті.
Вячеслав Лемза, «КаР-Тел» ЖШС Петропавл филиалының техникалық директоры:
– Бірден егістік алқаптарын мобильді интернетпен қамтамасыз ету мүмкін емес. Себебі, ұялы операторларда о бастан ондай мақсат болмаған. Оның үстіне иен даладағы трафик мөлшері өте аз. Техникаларды ұялы интернетпен қамту үшін әр жобаға арнайы кейс дайындау қажет. Бұл – біз үшін көп шығын талап ететін мәселе.
Сонымен қатар, мамандардан спутниктік интернет тарту туралы да ұсыныстар түсті. Бірақ, ол да жергілікті бюджет пен диқандар үшін қымбатқа соғады дейді Құмар Ақсақалов. Сол себепті, аймақ басшысы аталған мәселені тағы да жан-жақты қарастыру қажет екенін айтты. Бұдан бөлек елді мекендердегі ғаламтор сапасын жақсарту мәселесі де сөз болды. Соңғы 2 жыл ішінде өңірдегі 148 ауылға жоғары жылдамдықты оптикалық-талшықты және мобильді интернет тартылыпты. Шалғайдағы ағайын заман игілігіне қол жеткізсе де оның игілігін дұрыс пайдалана алмай отыр.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ауылдарды интернетпен қамту көрсеткіші артып келеді. Бірақ, оның сапасы сын көтермейді. Халықтан түскен арыз-шағымдар бойынша біз 30 ауылға тексеріс жүргіздік. 19 елді мекендегі интернеттің жылдамдығы стандартқа сай болмай шықты. Сол себепті, ұялы операторларға 8,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Осы орайда аймақ басшысы мамандарға тексеріс жұмыстарын тоқтатпауды тапсырды. Және бейінді министрлікке ұдайы ақпарат жіберіп, келісімшартты бұзған компанияларға қатысты тиісті шара қабылдау қажеттігін айтты. Шынымен де коронавирус келуімен халықтың ғаламторға деген тәуелділігі одан әрі артты. Пандемия уақытында облыстағы интернет сатып алу көрсеткіші 57 пайызға өсіпті. Ал электронды төлем 500 млрд теңгеден асқан.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мобильді операторларға Петропавлдағы ұялы интернетті қайта модернизациялаудан өткізуді тапсырамын. Өйткені, шаһарда тұрғызылып жатқан көпқабатты ғимараттардың саны жыл санап артып келеді. Яғни, нысан қабырғалары байланыстың нашарлауына әкеп соғады. Тиісті шаралар қабылдаңыздар.
Сонымен қатар, облыстық әкімдік отырысында өңірдегі өрт қауіпсіздігі жайлы айтылды. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың сөзінше өңірде өрт саны былтырғымен салыстырғанда 31 пайызға азайған. Бұл халық арасында жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының нәтижесі дейді.
Бердимурат Баймухан