Бүгінде коронавирус індетінен қорғану үшін бүкіл әлем иммундау шарасынан өтуде. Кей елдерде маңызды науқан қарқынды жүріп жатса, кей мемлекеттерде бәсеңдеу. Алдымен өміздің республикамызға тоқтала кетейік. Иммундау шарасы басталғалы 9 млн-ға жуық ересек адам вакциналаудың толық курсынан өткен. Ал 12 жастан асқан жасөспірімдердің 632 мыңы екпе салдыртыпты. Көрші Ресейде бар-жоғы 40 мыңнан астам бала егілген. Көрші мемлекетте жасөспірімдер арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары жиілеп бара жатқандықтан қазір оларды иммундау шарасымен барынша қамтуға қарқын қосуға тырысуда.
Людмила Кирсанова, дәрігер, РФ:
– Бүгінде коронавирус жұқтыру деңгейі балалар арасында жоғарылады. Олардың көбі омикрон штамына шалдыққан. Сондықтан, жасөспірімдерді коронавирустан қорғану үшін екпе алуға шақырамыз. Қазіргі таңда балаларға “Sputnik M” вакцинасы салынып жатыр. Екпені 12 мен 17 жас аралығындағы ұл-қыздар қойдырта алады. Жалпы, “Sputnik M” – кәдімгі “Sputnik V”-дің құрамдас бөлігі, тек оған су 5 есе көп қосылады.
Ал Грузия билігі шектеу шараларын біртіндеп жеңілдетіп жатыр. Өзін-өзі оқшаулау мерзімі де қысқарды. Бірақ, мамандарды алаңдатып отырған бір мәселе бар. Ол – иммундау шарасы көрсеткіштерінің 2 есеге дейін төмендеуі.
Амиран Гамкрелидзе, Грузияның ауруларды бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау орталығының жетекшісі:
– Тәуліктік өсім төмен деуге келмейді. Күн сайын 24 мың адам коронавирус індетіне шалдығуда. Оған қоса бізде вакциналау көрсеткіштері төмен болып отыр.
Англияда да иммундау шарасы бәсең жүріп жатыр. Соған қарамастан аталған елде қоғамдық орындарда маска тағу, вакцина паспортын көрсету және қашықтан жұмыс істеу сияқты шектеулер заңды күшін тоқтатқан. Бірақ, кейбір сарапшылар эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатқанымен арқаны кеңге салу әлі тым ерте және жаңа штамдардан сақ болу керек дейді.
Пол Хантер, ғалым, Англия:
– Елдегі эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Бұл, әрине, көңіл қуантады. Бірақ, омикронның жаңа BA.2 нұсқасын жұқтыру жағдайларының артуы алаңдатып отыр. Ол жеткен жетістіктерімізді жоққа шығармай ма деген сауал мазалайды.
Жуырда Польшада да омикрон штамының жаңа екі түрі анықталыпты. Әзірге, вирустың жаңа түрлері қаншалықты қауіпті екені және адамға қалай әсер ететіні белгісіз. Айта кетейік, осы уақытқа дейін аталған елде 5 жарым миллиондай азамат қауіпті инфекцияға шалдыққан. 104 мың адам коронавирустан бақилық болған.
Дана Ешкенова