Мәдениет

Балалар әдебиетінің дамуы талқыланды

Балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі. Ардагер ұстаз Қымбат Есмұқанқызы дәл осындай пікірде. Талай шәкірт түлеткен жан ұл-қыздардың үштілділікке ерте жастан бейімдеуге қатысты өз ойын білдірді. Ол сәби тілі шыққан күннен бастап ең бірінші өз ана тілінде сөйлеп үйренуі тиіс дейді.

Қымбат Исманова, ардагер ұстаз:

– Корея, Жапон елдерінде балабақшадағы тәрбие тек ана тілінде жүргізіледі.Сауат ашу оларда мектептен басталады. Ал бізде балабақшадан бастап үш тілде оқыта бастайды. Баланың өзі мен ойы және білімі өзінің ана тілінде қалыптасуы қажет. Ұлылар айтқандай “Егер де баланың тілі өз тілінде шықпаса, ол халқына қызмет етпейді”.

Қымбат Исманова тағы бір мәселе толғандырады. Қазіргі таңда рухани азық іздеп, кітап оқып жүрген жастардың қатары аз. Бұл қызығушылықты ұл-қыздар әлеуметтік желі мен түрлі ойындарға алмастырған.

Қымбат Есмұқанқызы, ардагер ұстаз:

Бұл – үлкен қасірет. Бұдан алынып жатқан білім 1 минуттық қана. Кітапты қолға алып оқымасаң ешқандай пайда болмайды. Қиыншылық осы. Сондай-ақ, балалар әдебиетін жазатын жазушылар аз. Оларға қаражат жағынан қолдау керек. Кітаптарын көптеп шығарып, мол етіп тарату қажет.

Өзекті мәселені шешу үшін 2021 жыл елімізде “Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы” болып жарияланды. Бұл бағытта Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық кітапхана ұжымы бірталай істін басын қайырыпты. Ал биыл – “Балалар жылы”. Сол себепті іс-шаралар легі жалғасын таппақ.

Айнагүл Секренова, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы:

– Наурыз айының ортасына дейін Ғабит Мүсіреповтың “Ұлпан – елдің анасы” тақырыбында эссе байқауы жарияланды. Одан кейін тіл шеберлігіне байланысты, өлең оқу шеберлігіне қатысты және жас ақындар байқауын өткіземіз. Сондай-ақ, жерлес жазушылардың шығармашылығын дәріптеу мақсатында түрлі конкурстар өткіземіз.

Осылайша, кітапхана ұжымы кітапсүйер жастардың қатарын арттырмақ ниетте. Бүгінде мәдениет ошағының 15 мың оқырманы бар екен.

Алдияр Айтпаев