Жәрмеңкеде кез келген адамның талғамынан шығатын, түрлі түсті, ұзынды-қысқалы аяқ киімді табуға болады. Тауардың барлығы сапалы материалдан тігілген әрі әрқайсысы ыңғайлы етіп әзірленген.
Дана Сәлімқызы, тілші:
– Мына көрмеге мыңнан астам аяқ киім қойылған. Әрқайсысының үлгісі әр түрлі. Мысалы, менің аяғымдағы аяқ киімнің сырты табиғи замшыдан, ал іші қойдың терісінен тігілген.
Мұндай тауардың құны 17 мың 500 теңге тұрады. Аяқ-киімді беларусьтік “Лианно” компаниясы тіккен. Бұл етік табаны жалпақтау келген қыз-келіншектерге арналған. Ал мына өнім “Кабин” фирмасынан. Оны бақай сүйегі шығып кеткен нәзікжандылар сатып ала алады.
Сатушылардың сөзінше, шетелдік өнімдер зейнеткерлер арасында жоғары сұранысқа ие.
Елизавета Паливцева, сату жөніндегі менеджер, Беларусь Республикасы:
– Біз жәрмеңкеде ерлер мен әйелдердің аяқ киімін ұсынбақпыз. Тауардың басым бөлігі ортопедиялық. Етіктердің ең төменгі бағасы – 3,5 мың теңге. Ал ең қымбаты 33 мың теңге тұрады. Әйелдерге арналған аяқ киімнің өлшемі 35-тен 46-ға дейін, ал ерлер үшін 40-тан 49-ға дейін бар.
Мұндай жәрмеңке бүгінге дейін еліміздің 9 қаласында ұйымдастырылыпты. Менеджердің сөзінше, әр қалада 500 жұп аяқ-киім сатылған. Петропавлда көрме ертең ашылмақ. Тұрғындар қажетті тауарды Жамбыл көшесі, 82а мекенжайы бойынша орналасқан “Теннис” орталығының екінші қабатынан таба алады. Жәрмеңке таңғы 10-нан кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істемек. Айта кетейік, шаһарда беларусь аяқ-киімдерінің сатылымы ақпанның 27-іне дейін жалғаспақ.
Дана Ешкенова