4 айлық жұмыстың нәтижесі – осы. Емдеу мекемесі адам танымастай өзгерген. Мұны ауруханалық стильден ертегілер әлеміндегі атмосфераға дейін түрленген қабырғаларынан-ақ байқауға болады. Бұл кішкентай науқастардың көңілін көтеріп, тезірек жазылуына сеп болады дейді Әсел Тасмағамбетова. Нәзікжанды – «Сәби» қайырымдылық қорының президенті. Ауруханадағы жаңғырту жұмыстары дәл осы ұйымның «Балаларға арналған шұғыл хирургия» жобасы арқасында жүзеге асырылды.
Әсел Тасмағамбетова, «Сәби» қайырымдылық қорының президенті:
– Облыстық балалар ауруханасының ғимараты 80-ші жылдары салынған болатын. Содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бұл СҚО-дағы балаларға арналған жалғыз емдеу мекемесі болып табылады. Жылына 11 мыңнан аса балаға
қызмет көрсетіледі, 3 мыңнан аса ота жасалады.
«Балаларға арналған шұғыл хирургия» жобасына таңдалғаны да сондықтан. Қайырымдылық қорынан емдеу мекемесінің екі бөлігін жаңғыртуға 335 млн теңге бөлініпті. Атқарылған шаруаның нәтижесінде көрсетілетін медициналық қызметтің уақыты қысқарып, сапасы артады дейді мамандар.
Олег Завьялов, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:
– Қазір баланы ЭКГ-дан өткізіп, рентген кескінін жасау үшін басқа жерге апарудың қажеті жоқ. Қондырғылардың барлығы жылжымалы. Аппараттарды бір науқастан екіншісіне жеткізіп, тез арада диагноз қойып, жедел көмек көрсетуге болады.
Осылайша «науқас медициналық көмекке емес, медицина науқастың өзіне барады» деген қағида іске асырылмақ. Балалар ауруханасының қабылдау бөлімшесінен бөлек, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс ота жасайтын блокта жүргізілді. Мұндағы 3 бірдей операциялық бөлме енді әлемдік стандартқа сай. Қондырғылар, жарық, желдету жүйесі мен үстелдің бәрі заманауи.
Қуантарлық жайт, орнатылған қондырғылардың барлығы – отандық өнім. Ауруханаларға арналған сапасы жоғары, алдыңғы қатарлы аппараттарды алматылық компания шығарады екен. Кәсіпорын «Сәби» қайырымдылық қорымен келісімге отырып, осыған дейін де 3 бірдей емдеу мекемесін толығымен жарақтаған.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз қазір заманауи көпбейінді аурухана салып жатырмыз. Бүгінде / орнатылатын қондырғылар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жобаға сіздерді де қатысуға шақырамын. Себебі, елімізде шығарылып, өзімізде қызмет көрсетілетіні өте жақсы болмақ.
Ота жасайтын блоктағы ең маңызды өзгеріс – желдету жүйесінде. Енді бөлмелердегі оттегі ламинарлы, яғни бірбағытты ағын бойынша жылжып отырады.
Асылхан Жағыпаров, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
– Шетелдік клиникаларға сай жасанды оттегі беріліп, вентиляция системасы жақсарды. Ол дегеніміз инфекцияның, отадан кейін болатын асқынулардың алдын алады.
Ота жасалатын бөлмеге бактерия, инфекция мүлдем кірмейді. Оның барлығы ауаның ағынымен ығысып отырады. Яғни операциядан кейін науқастардың тезірек аяққа тұруына да септеспек. Бұл балалар ауруханасындағы жаңашылдықтардың соңы емес. Жақын арада тағы өзгерістер орын алмақ.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Екі аптадан соң ауруханаға компьютерлік томограф іске қосылады. Қазір қондырғыны сатып алып, орнатудамыз. Жөндеу жұмыстарына да қаражат бөліп жатырмыз. Биыл емдеу мекемесінде 134 млн теңгеге қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіземіз.
Айта кету қажет, “Сәби” қорының қолдауы алдағы уақытта да жалғасын табады. Ұйым жетекшілерінің сөзінше, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыруға назар аударылмақ. Ол үшін шеберлік сағаттарын өткізуге тәжірибесі мол хирургтер шақыртылмақ.
Эльмира Садвокасова