Ауыл шаруашылығы

М.Жұмабаев ауданында қар тоқтату жұмыстары жүргізілуде

Жер ана ақ жамылғыны жамылып тып-тыныш күйде жатыр. Осы мүлгіген тыныштықта трактордың дыбысы ғана естіледі. Шыңылтыр аязға қарамай Мағжан Жұмабаев ауданының диқандары жаздың қамын жасауға кіріскен. Денис Шепель жергілікті серістестіктердің бірінде 2008 жылдан бері механизатор болып қызмет етеді. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен маман көктемде егін егіп, күзде ораққа қатысады. Ал қыста осылай алқаптарда қар тоқтатады.

Денис Шепель, «Таманское» ЖШС механизаторы, М.Жұмабаев ауданы:

Таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін осылай еңбек етеміз. Кейде 10-ға дейін жүреміз. Қар тоқтату жұмыстарында уақыттан ұтылмау керек. Шаруаны күн жылымай тұрып тындырып алған жөн. Яғни, алқаптағы оппа қарды тілгілеп өтеміз. Боран соққанда ақ ұлпа ойықтарға жиналады. Нәтижесінде кейін танапқа мол су сіңеді.

Денис Шепельден бөлек, «Таманское» серістестігінде тағы бірнеше адам осылай танап басына шығып, қар тоқтатумен айналысады.
Әрқайсысы күніне 20 шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтеді. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бүгін мамандар 1000 гектардан аса алқапты қамтыған.

Әлібай Құсайынов, М.Жұмабаев ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

Мағжан Жұмабаев ауданында 291 мың гектар жерде қар тоқтату жұмысын жүргізу қажет. Бүгінде істің 90 пайызы атқарылды. Шаруаны желтоқсан айының ортасында бастағанбыз. Жалпы, бұл мақсатта күніне 35 техника шығады.

Қазіргі күні Мағжан Жұмабаев ауданындағы ақ ұлпаның орташа биіктігі 20-27 сантиметрді құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылдарға қарағанда аз екен. Мамандардың сөзінше, қар тоқтату жұмыстары көктемге дейін жалғасады.

Бердимурат Баймухан