Ауғанстандағы ішкі қақтығыс 1979 жылы басталды. Дүмпулер ақыры соңында соғысқа әкеп соқтырды. 84-те кәдімгі ұрыстар жүріп, адамдар көптеп қаза тауыпты. Мұны интернационалист-жауынгер Ерік Тәттібаев күрсіне еске алады. Солтүстікқазақстандық 80-ші жылдардың басында Отан алдындағы борышын өтеу үшін Әзірбайжан еліне аттанған. Қызмет етіп жүргенде небәрі 18 жастағы жігіт қатарластарымен бірге Ауған жерінде тұрақтылықты қамтамасыз етуге жіберіледі.
Ерік Тәттібаев, Ауған соғысының ардагері:
– Ауғанстанда бізді ешкім күткен жоқ. Жататын орнымыз, тіпті, ішерге жөнді ас та болмады. Сөйте тұра, өзімізге жүктелген міндетті орындадық. Тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күн-түн демей талай мәрте ұрысқа түстік. Сол ұрыстарда бірталай қанды көйлек жолдастан айрылдық. Сонымен қатар, мектеп, аурухана салуға белсенді қатыстық. Мен қиын-қыстау шақта Ауған жерінде болған әрбір жігітті батыр дер едім.
Ерік Тәттібаев елге 1985 жылы оралыпты. Ағамыз бастан өткергенін біразға дейін ешкімге айтпаған екен.
Ерік Тәттібаев, Ауған соғысының ардагері:
– Кеңес үкіметі кезінде ешкімге бастан кешіргенімізді айта алмадық. Бізге қойылған талап солай болды. Жанымызға қатты батқаны қаза тапқан жігіттердің ата-аналары балаларының қалай қайтыс болғанын біле алмады. Ал қазіргі таңда бұл тақырып төңірегінде еркін сөйлесе аламыз.
Аға буын өкілдерінің ерлігі – жастарға үлгі! Өскелең ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді нығайту мақсатында Ауған соғысының ардагерлері Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің студенттерімен кездесіп отыр. Талай қиындықты бастан өткерген азаматтардың айтқанын Валерия Евтушенко ұйып тыңдауда.
Валерия Евтушенко, Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің студенті:
– Ауған соғысы туралы фильмдер көргем. Бірақ, мына жерде айтылып жатқан дүниелер теледидардағы туындылардан әлдеқайда әсерлі. Осындай жүздесулер әрбір жастың бойында патриоттық сезім қалыптастыратынына сенімдімін.
Өңірімізден Ауған жеріне мың жарым интернационалист-жауынгер аттанған. Олардың 46-сы шет елде қаза тауыпты. Бүгінде 684 азаматтың көзі тірі.
Алдияр Айтпаев