«Ақпан 4Х4» сайысына жиналған машиналар арасынан мына бір темір тұлпар ерекше көзге түседі. 86-шы жылғы көлік Евгений Жилинге тиесілі. Кеңес үкіметі кезінде жүк тасымалдауда бұдан асқан машина болмаған екен. Техника бүгінде сәл өзгеріске ұшырапты. Азамат 7 жыл бұрын кәдімгі камаздан жетек үлгісі 4х4 жеңіл көлік жасауға кіріскен екен. Нәтижесі – міне, көз алдарыңызда. Шетелдік Hummer-ден кем түспейтін қолмен жасалған ГАЗ-66-ның жаңа түрі.
Евгений Жилин бүгін «Ақпан 4Х4» сайысын тамашалауға арнайы келіп отыр.
Евгений Жилин:
– Көлігімді жарысқа әзірлемей әкелдім әрі бұл басқа классқа жататын темір тұлпар. Дегенмен, майын тексеріп қойдым. Қарда батып қалған машиналарды шығаруға көмектесемін.
Алдияр Айтпаев, тілші:
– “Subaru”, “Nissan” және ресейлік “Нива”. Бүгінгі көлік сайысына 30-дан астам машина жиналған. Қазіргі таңда экстримге жаны құмар жандар өзен үстінде жарысуда. Кейіннен орман арасындағы оппа қарды тілгілеп, техникаларының қауқарын тексереді.
Қос ресейлік техника өзара сынға түскелі тұр. “Нива” мен “Уаз Патриот”. Әзірге, жүргізушілері темір тұлпарлардың қозғалтқыштарын қыздырып, дайындалып жатыр.
Белгі берілгеннен кейін қос көлік зуылдай жөнелді. Темір тұлпарлардың тартысын тапжылмай тамашалап тұрған жандар әдетте мұндай сайыста “Уаз Патриот” жеңіске жетеді деп топшылауда. Бірақ, бүгін көпшілік күтпеген жағдай орын алды. Мәре сызығын жол талғамайтын “Нива” бірінші болып кесті.
Қалған жарыстар да тарысты өтті. Техникалар тегеурінді, жүргізушілер тәжірибелі. Осының арқасында болар жолда қалған машина болған жоқ. Жалпы, өңірімізде жол талғамайтын көліктердің сайысы 10 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді.
Василий Вржец, «Ақпан 4Х4» сайысының ұйымдастырушысы:
– Жылына 3 үлкен жарыс өткіземіз. Арасында осындай шағын сайыстарды да ұйымдастырып отырамыз. Өзіміз ақша жинап, додада ерекшеленген жүргізушілерге сыйлықтар таратамыз. Клубымызға жол талғамайтын кез келген көлік иесі қосыла алады.
Көлік жарысын жаны сүйетін тұрғындардың құлағына алтын сырға! Маусым айында өңірімізде республикалық жарыс өтпек. Оған еліміздің ең мықты жүргізушілері қатысады деп жоспарланып отыр.
Алдияр Айтпаев