Қоғам

Таман ауылдық округінің әкімі есеп берді

Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Таман ауылдық округіне 4 елді мекен кіреді. Былтыр олардың үшеуінде көшелер жарықтандырылған. Жергілікті билік ауылдарға 60-тан аса жаңа шам орнатыпты.

Гүлнәр Ветер, Таман ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Былтыр Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Таман мен Пулеметовка ауылдарының шамдары түгел жаңартылды. Сонымен қатар, Майбалық ауылының 5 көшесіне 40-қа жуық жарықшам орнаттық. Аталған елді мекендегі тағы 3 көшенікін ауыстыру қажет. Сонымен жоспарды толық орындаймыз. Одан бөлек Майбалықта ауылішілік жолдар жөндеуден өтті.

Округ тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған емес. Жергілікті ағайынның өтініші бойынша 2021 жылы ауылдағы сорғы станциясы қайта қалыпқа келтірілді. Ауылға су тарату желісі салынып, 48 тұрғын үйдің ішіне тіршілік көзі кіргізілген. Жалпы, барлық 4 елді мекендегі тұрғындардың күнкөріс деңгейі жаман емес. Халық жұмыспен қамтылған. Ауылдардағы инфрақұрылым дамып, заман талабына сай өзгеріп жатыр.

Гүлнәр Ветер, Таман ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындары көп ықпал етіп отыр. Бізде қазіргі күні 4 үлкен серіктестік пен 10-нан аса шаруа қожалығы бар. Халықтың басым бөлігі сол жерлерде жұмыс істейді. Аграрийлерге де қолдау көрсетіледі. Жыл сайын өнімділікті арттыру мақсатында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге түрлі көлемдегі субсидия мен жеңілдетілген несие беріледі.

Осы орайда округ әкімі тұрғындарға ұялы интернеттің жылдамдығын жақсарту бойынша кеңесін берді.

Гүлнәр Ветер, Таман ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Былтыр біз ауылдық округке ұялы байланыс мұнарасын орнаттық. Интернет жұмыс істеп тұр. Бірақ, тұрғындардың көбісі әлі күнге дейін сигналды күшейткіш репиторларды қолданып келеді. Ол құрылғы радиокедергі тудырады. Салдарынан интернеттің жылдамдығы азаяды. Сол үшін үйлеріңіздегі құрылғыны сөндіріп тастауларыңызды сұраймыз.

Әкімінің есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан сұрақтар түсті. Құндыз Абдықалықова «Таман мектеп-бөбекжай-бақша кешенінің» қазақ тілі пәні мұғалімі болып қызмет етеді екен. Ол осы күзде теріскей өңіріне Алматы облысынан қоныс аударыпты. Осы орайда жас маман әкімнен баспана мәселесін шешіп беруді сұрады.

Құндыз Абдықалықова, Таман ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып жатқан мамандарға арнап салынып жатқан үйдің құрылысы қашан аяқталады? Мен әкімге осындай сұрақ қойдым.

Таман ауылдық округінің әкімі Гүлнәр Ветердің айтуынша қазіргі күні оңтүстіктен қоныс аударушыларға арналып 2 баспана салынып жатыр. Белгілі бір себептерге байланысты құрылыс жұмыстары биыл тоқтап қалыпты. Шаруа көктем келісімен жалғасын таппақ.

Бердимурат Баймухан