Көктемнің келуіне тура екі апта қалды. Яғни, қаланы көгалдандыруға кірісетін уақыт та жақын. Бұл ретте коммуналдық қызмет өкілдері қолданып жүрген технологиялар ескірді дейді кәсіпкер Айдар Қасенов. Іскер жан ағаш отырғызудың механикалық түріне көшуді ұсынды. Айтуынша, бұл егілген жасыл желектің тамыр жаюына сеп болмақ. Тағы бір мәселе – осы іспен айналысатын кәсіпкерлерді таңдауда. Ол конкурс арқылы жүргізіледі.
Айдар Қасенов, кәсіпкер:
– Конкурс талабына сай ағаш отырғызумен айналысатын компания, гүлзар мен көгалдарды, гүлдерді егуді де өз мойнына алады. Оны бөлуге болмай ма? Себебі, байқауды жеңген кәсіпкерде арнайы техниканың болмауы да мүмкін. Жұмыстың сапасыз атқарылатыны да сондықтан.
Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Биылдан бастап көшет егумен айналасатындар конкурсқа бөлек қатысатын болады. Жақын арада Нұр-сұлтан қаласының Аграрлы университетінен арнайы мамандар келеді. Олар топырақты зерттеп, қай көшеде қандай ағаш отырғызу қажет екенін айтады. Содан кейін ғана байқау жариялаймыз.
Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан отырғызылатын көшеттерге қатысты біраз сын айтылуда. Бұл ретте облыс әкімі Құмар Ақсақалов кәсіпкерлерді мұқият таңдау қажеттігін баса айтты әрі компания еккен жасыл желекке 3 жыл көлемінде кепілдік беруге міндеттелетін болады.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Көгалдандырумен айналысатын кәсіпорын ағашты күтіп-баптап, суарып отыруы тиіс. Мен мұны талай рет айттым. Әдетте көшеттер қурап қалады да біз оған жауапты адамды таба алмаймыз. М.Жұмабаев және Уәлиханов көшелері, Жас өркен, Береке мен Қапай ықшам аудандарында қандай ағаштың қалай отырғызылатынын бүгіннен қарастырыңыздар.
Қабижан Сатимиров қоғамдық қабылдауда 3-ші топтағы мүгедектердің мәселесін көтерді. Шаһар бойынша олардың саны 4 мыңнан асады. Қарияның айтуынша, дәл осы санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған. Жарымжандар тек ай сайын 37 мың теңге жәрдемақы алады екен.
Қабижан Сатимиров, қала тұрғыны:
– 3-ші топтағы мүгедектерге автобуспен тегін қатынауға мүмкіндік бергенін сұраймын. Мәселемен ұйымдарға, “Nur Otan”-ға бардым. Әкім халықты қабылдайды деген, сонда тезірек шешіледі деді.
Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Қала бойынша әлеуметтік әлжуаз адамдардың 11 тобы бар. Соның 9 тобына бюджеттен қаржы бөлінеді. Нақты мәслихаттың шешімімен. Соның ішіне 3 топтағы мүгедектер кірмеген. Заң бойынша 11 топқа олар кірмеген. Оған жатпағасын льготқа да жатпайды.
Бұл ретте қария өзге өңірлерді үлгі етті. Мәселен, Маңғыстау мен Қарағанды облыстарында 3-ші топтағы мүгедектер қоғамдық көлікпен тегін қатынайды екен.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өзіңіз айтқан облыстарды зерттеп көрейік, олар қандай механизмді, қалай төлеп жатқанын біліп алайық. Өйткені, заң бар, заңға сәйкес барлық шешімдерді қабылдаймыз ғой. Мұндай проблема бар екенін бұрыннан да білем. Бірақ, өзге облыстар сондай шешім қабылдаса оны біліп алу керек.
Облыс басшысы арыз-шағымдарды және ұсыныстарды жеке бақылауына алып, шаһар басшысына жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Эльмира Садвокасова