Табиғи монополияларды реттеу департаментінде – жаңа басшы. Бұл лауазымға Дамир Тоқтамысов тағайындалды. Жетекшіні облыс монополистеріне бейінді комитет төрағасы Асан Дарбаев таныстырып, бірқатар тапсырма жүктеді. Кездесу барысында саладағы бірнеше өзекті мәселе де қаузалды. Соның бірі – тарифке қатысты. Ел Президентінің шешімімен коммуналдық қызметтердің құнын көтеруге шілденің 1-іне дейін мараторий жарияланған.
Егер заңбұзушылықтар тіркелсе, жауапты тұлғалар жазаға тартылмақ. Тағы Асан Дарбаев облыс орталығындағы жылу электр орталығының жұмысына тоқталды. Қауырт маусым кезінде нысанда бірнеше рет апат орын алды. Салдарынан биылғы қыс петропавлдықтардың есінде пәтерлердің суықтығымен ұзаққа сақталмақ. Бұл мәселенің бір жақ шеті ғана. Екіншісі осы жылу төлемдері турасында.
Асан Дарбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы:
– Тұрғындарға сомасы тым үлкен жылу төлемдері келгені бәрімізге мәлім. Мәселе -бейінді департаменттің ғана емес, комитеттің жіті бақылауында. Біз сұрақты желтоқсан айында “Nur Otan” партиясы мен “Атамекен”-нің қатысуымен өткен жиында қарастырдық. Нәтижесінде жылу есептегіш құрылғылар орнатылмаған үйлерде төлем қайта есептелетін болады. Десе де мәселе толығымен шешілген жоқ. Қазір ол соттың қарауында.
Эльмира Садвокасова